«Қазақстандағы парламенттік сайлаудағы бәсекелестіктің жоқтығы мен негізгі бостандықтардың бұзылуы сайлаушыларды шынайы таңдау жасау мүмкіндігінен айырды» деп халықаралық байқаушылар мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар 2021 жыл – «Қазақстандағы парламентік сайлауға дайындық тиімді өткізілгенімен, бәсекелестіксіз науқан мен іс жүзіндегі негізгі бостандықтардың жүйелі түрде шектелуі сайлаушыларды толыққанды таңдаусыз қалдырып, жарияланған саяси реформаларды іске асыруға мүмкіндіктен айырды», - деп бүгін халықаралық байқаушылар өз мәлімдемелерінде айтты.
ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) мен ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының (ЕҚЫҰ ПА) біріккен шарасы болып табылатын сайлауды байқау миссиясы сайлауға қатысты заңнама алдыңғы парламенттік сайлаудан бері енгізілген өзгертулерге қарамастан, көптеген халықаралық стандарттарға қайшы екенін мәлімдейді. ДИАҚБ-ның негізгі бостандықтарға, сайлау әкімшілігінің бейтараптығына, дауыс беру мен сайлауға қатысу құқығына, сайлаушыларды тіркеуге, БАҚ, сайлау нәтижелерін шығаруға қатысты көпжылдық ұсыныстарының көбі елеусіз қалуда.
ЕҚЫҰ қысқа мерзімді сайлау миссиясының басшысы және Арнайы үйлестіруші Кристиан Вигенин: «Біз COVID-19 пандемиясына байланысты қиындықтарға қарамастан, дауыс беру құқығына кері әсерін тигізуге жол бермеген сайлаудың тиімді ұйымдастырылуын қолдаймыз» деді. «Дегенмен, сайлау өткен саяси жағдайға қатысты алаңдаушылығымыз сақталуда. ЕҚЫҰ қағидалары кедергісіз плюрализмге, дамыған, еркін де белсенді азаматтық қоғамға шақырады: біз, Президент ұсынған «еститін мемлекет» тұжырымдамасы бұл құндылықтарға шын мәнінде әкеліп, барлық азаматтар мен азаматшалардың дауыстары естіледі деп үміттенеміз».
Кешегі сайлауға қатысу үшін 12 миллионға жуық дауыс берушілер тіркелді. Сайлауға дайындық сайлау комиссияларымен заңмен қарастырылған мерзімдер аясында тиімді түрде ұйымдастырылды. Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) әрдайым партия өкілдері мен байқаушыларға ашық отырыстар өткізді, алайда шешімдер формалды отырыстарға дейін қабылданып отырды. Барлық деңгейлердегі комиссия мүшелерінің құрамы мен тағайындалуы олардың тәуелсіздігіне қатысты күмәндарды тудырды. Сайлау күні жалпы тыныш өткенімен, кейбір азаматтық байқаушыларға тиімді байқау жүргізуге жасалған қасақана кедергілер аясында бұзылды.
Бірлестіктер бостандығын жүзеге асыруға елеулі кедергілер сақталып, 2013 жылдан бері бір де бір жаңа саяси партия тіркелмеді. Саяси көріністе биліктегі партия үстемдік етеді, және партия мен билік арасындағы өзгешелік көбінесе айқын емес. Сайлауға қатысқан саяси партиялардың барлығы президенттің саясатын жақтағандықтан, науқан бәсекелестіксіз өтіп, сайлаушылар таңдау жасай алатындай жөнді саяси баламасыз қалды.
Жиналыстар, бірлестіктер және сөз бостандықтарына шектеулер науқан шараларына кері әсерін тигізіп, науқан сайлау күніне дейін көзге көрінбей қала берді. Қоғамдық пікірталас түрлі көзқарастарға мүмкіндік беріп, онлайн кеңістікте пайда бола бастағанымен, ұлттық заңнама әлі де сөз бостандығы мен ақпаратқа қолжетімділік құқықтарын бұзып келеді.
ДИАҚБ шектеулі сайлауды байқау миссиясының Басшысы Ярослав Марчин Доманьски: «Негізгі бостандықтарға қатысты көпжылдық және жүйелі түрдегі мәселелер үлкен алаңдаушылықты тудырып, саяси кеңістікті шектейді» деді. «Сайлау сайлаушылар шынайы саяси таңдауға ие болғанда ғана, және азаматтық қоғамның дауысы естіліп, құрметтелген жағдайда ғана шын мәнінде демократиялық бола алады».
Сайлау күні, ДИАҚБ тарапынан 41 байқаушы мен ЕҚЫҰ ПА-нан 7 мүшеден тұратын делегацияны қосқанда, 48 байқаушы жіберілді.
Қосымша ақпарат үшін келесі өкілдермен хабарласыңыз:
Катя Андруз, +48 609 522 266 немесе katya.andrusz@odihr.pl
Гвидо Альмеригоньа, ЕҚЫҰ ПА, +7 771 413 57056; +45 6010 9772 немесе guido.almerigogna@oscepa.dk