ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары Оңтүстік Қазақстанда көп тілдік оқыту мәселелері бойынша білім алмасуға қолдау көрсетуде
ШЫМКЕНТ, Қазақстан, 30 қыркүйек 2015 жыл – Көп тілді білім берудің артықшылықтары тақырыбындағы ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссары (АҰЖК) Астрид Турстың қолдауымен Қазақстанның Шымкент қаласында өткен екі күндік конференцияның жұмысы бүгін мәресіне жетті. Аталған конференцияда Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінен жиналған 500 астам қатысушы бас қосты.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен орталықтың Шымкент қаласындағы жергілікті кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен конференцияға үш елдің көптілдік оқыту саласында жұмыс істейтін сарапшылары, оқытушылары, директорлары, ұстаздары, сондай-ақ Білім министрліктерінің өкілдері қатысты.
«Білім әлеуметтік тұтастықты дамытудың ең негізгі құралы ретінде кез келген интеграциялау саясатының басты құрамдас бөлігі болуы қажет», - деді ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисі басшысының орынбасары Мирко Гюнтер. «Білім қоғамның барлық мүшелері үшін маңызды, себебі ол өмірдің барлық салаларына өзгелермен бірдей толықтай әрі тиімді түрде қатысуға қажетті дағдыларды бойға сіңіруге көмектеседі. Балалар мектепте өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінгенде, сабақты жақсырақ оқитынын кез келген мұғалім растайды. Бұл мұғалімдері балалармен түсінікті тілде сөйлесе алатындай жағдайда жиі орын алатыны ықтимал.
Ана тілінде оқытатын мектептерде көптілдік білім беру мәселелерін талқылау барысында АҰЖК көп тілдік білім жөніндегі сарапшысы Татьяна Стоянова Қазақстандағы аз ұлттар өкілдерінің ана тілдерінде білім алуы енгізілгеннен кейінгі он жылдағы қалыптасқан жағдайға байланысты зерттеулердің нәтижелерімен таныстырды. Сарапшы осы салада біршама жұмыстардың атқарылғанын алға тартып, көптеген мектептердің көптілдік оқытуды қамтамасыз етудегі өз міндеттерін табысты орындап отырғанын айтып, дегенмен, әлі де болса, жұмыстарды жетілдіру керектігін қорытынды етті.
Іс-шара туралы сөз қозғалғанда, Турс ханым Орталық Азия аймағында көп тілде оқытуға қолдау көрсетіліп отырғанына қуанышты екенін атап өтті. Ол: «Аз ұлттардың құқықтарына, оның ішінде өз ана тілдерінде білім алу құқығына құрметпен қарау шиеленістің алдын алуда жоғары маңызға ие. Дәл қазір ортақ күш жұмылдырып, Орталық Азияда көп тілді оқытудың қол жеткізілген жетістіктерін қорытындылап, болашаққа арналған басты міндеттерін айқындау үшін қолайлы сәт» - деп айтты.
Конференцияның екінші күнінде қатысушылар іс жүзінде атқарылатын жұмыспен танысу мақсатында көп тілде оқытатын мектептерді аралады.
Көп тілді оқытудың жергілікті тәжірибелік әдістемелерімен тереңірек танысу үшін Қырғызстанның практик мамандары мен Тәжікстанның Білім министрліктері мен мектептерінен келген он бес сарапшыларының жұмысы тағы екі күнге созылмақ.
Тәжікстан осы күнге дейін көп тілдік оқытуды енгізбесе, Қырғызстан ол саладағы оқыту тәжірибесін жинақтауда. Тек осы жылы бүкіл ел аумағы бойынша тәжірибелік мақсаттағы жобалар тағы 39 мектепте енгізілді.