ЕҚЫҰ Қазақстандағы жасыл кеңсе конкурсының жеңімпаздарын марапаттады
2021 жылдың 22 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен жасыл кеңсе конкурсының жеңімпаздары жарияланды. Бұл конкурс мемлекеттік мекемелерге, жеке компанияларға, азаматтық қоғамға және халықаралық ұйымдарға қалдықтарды азайтуға және оларды қайта өңдеуге ерекше көңіл бөле отырып, ресурстарды тұрақты пайдалануға мүмкіндік берді.
Аралас форматтағы іс-шараға парламенттен, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен, бизнес сектордан, сондай-ақ халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардан келген шамамен 85 өкіл қатысты. 2021 жыл жеңімпаздарының қатарында бүкіл Қазақстанның мемлекеттік мекемелері, жеке компаниялары, азаматтық қоғамы және халықаралық ұйымдары бар. 105 өтінімнің ішінен энергия тұтынуды азайту, қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу қуатын арттыру бойынша көрсетілген практикалардың негізінде 30 ұйым және жеке адамдар таңдап алынды.
2019 жылдан бері өткізіліп келе жатқан конкурсты Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Жасыл экономика және G-Global дамыту коалициясымен бірлесіп ұйымдастырды және ол биылғы жылы 15 сәуірден бастап 15 қыркүйекке дейінгі аралықта өткізілді. Конкурс туралы хабардарлықты арттыру мақсатымен Офис «жасыл» кеңсенің қағидаттарын дәріптеуге және негізгі проблемаларды айқындауға басты назар аудара отырып, Шымкент қаласы, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы үш онлайн- және үш офлайн- семинарға қолдау көрсетті. Көшпелі семинарлардың барысында кәсіпорындар мен ұйымдар табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану проблемаларын шешудің инновациялық құралдарын көрсетті және бизнес-операцияларды көміртекті-бейтарап етудің өз пайымын ұсынды.
Іс-шара Бағдарламалар офисінің қабылдаушы елдегі жасыл экономиканы ілгері шығару бойынша ұзақ мерзімді іс-әрекеттерінің, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздікті нығайтудағы тұрақты даму қағидаттарының бір бөлігі болып табылады.