Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі жастардың саяси және азаматтық салаға қатысуын кеңейту бойынша конференцияны қолдайды
2021 жылғы 15 қазанда Нұр-Сұлтанда ЕҚЫҰ қолдауымен жастардың елдің саяси және азаматтық өміріне қатысуын арттыру бойынша конференция өтті. Аралас форматта өткен іс-шараға 50-ге жуық Парламент депутаттары, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, жастар ұйымдарының өкілдері, жас сарапшылар мен адам құқықтарын қорғау қозғалысының белсенділері қатысты.
Конференцияға қатысушылар Қазақстандағы жастардың саяси құқықтарын, сондай-ақ олардың шешімдер қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндіктері мен механизмдерін талқылады. Конференция жастармен жұмыс істейтін және жас азаматтар үшін маңызды тақырыптарды көтеретін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы диалог үшін платформа құруға мүмкіндік берді. Талқылау ЕҚЫҰ-ның жастармен жұмысқа және оның мүдделеріне қатысты ұстанымына сәйкес өтті.
Ұлттық баяндамашылар жастардың қала құрылысын жобалау, инфрақұрылымды дамыту, сайлау және саяси партиялар сияқты салаларда шешімдер қабылдау процестеріне қатысуын қамтамасыз ететін мүмкіндіктерге шолу жасады. Қосымша сөз сөйлеушілер ақпаратқа қолжетімділік және жаңа технологияларды пайдалану мәселелерін талқылады. Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Украина елдерінің халықаралық сарапшылары жастарды қоғамдық өмірге тарту және олардың саяси құқықтарын нығайту бойынша өз елдерінің тәжірибелерімен бөлісті.
ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисі конференцияны Қазақстанның жастар ақпараттық қызметімен бірлесіп ұйымдастырды.
Бұл іс-шара ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің жастардың шешімдер қабылдау процестеріне қатысуына жәрдемдесуге бағытталған күш-жігері шеңберінде өткізілді.