ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар Офисі жаңа Су кодексінің концепциясын дөңгелек үстел басында талқылауды қолдайды
Жоспарланып отырған Су кодексінің концепциясын дөңгелек үстел басында талқылау Ақтау қаласында 2021 жылғы 1 қазанда аяқталды. Екі күндік іс-шараны ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисі Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитетімен бірлесе отырып ұйымдастырған.
Су ресурстары жөніндегі 14 ұлттық сарапшы талқылауға қатысып, жаңа Су кодекс концепциясы жобасының негізгі ережелерін қарастырды. Құжатты әзірлеуге қатысқан Olympex Advisers заңгерлері концепцияның келесі негізгі бағыттарын талқылады: су ресурстарын біріктіріп басқару, реттеуші өкілеттіктерді бөлу, су пайдалану ақысын төлеу механизмдері, тарифтерді қалыптастыру, су пайдалану нарығын құру қағидалары, ең үздік қолжетімді технологияларды ілгерілету және енгізу.
Жаңа су кодексімен жұмыс 2021 жылдың ортасында басталды және концепция-құжатты әзірлеу - негізгі нормативтік құжатты құруға мүмкіндік беретін алғашқы қадам. Үкімет 2003 жылы қабылдаған қазіргі кодекстің орнына 2023 жылы жаңа Су кодексін қабылдауды жоспарлап отыр.
Іс-шара су ресурстарын тиімді және тұрақты басқару саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге сәйкес ұлттық заңнаманы жетілдіру жөніндегі Бағдарламалар офисінің жұмысы аясында өткізілді.