ЕҚЫҰ қатарлас қаржылық тергеу және киберқылмыстарды тергеудегі криптовалюталардың рөлі жөніндегі вебинарды қолдайды
2021 жылдың 28 мамыры күні ЕҚЫҰ қолдауымен ұйымдастырылған қатарлас қаржылық тергеу және киберқылмыстарды тергеудегі криптовалюталардың рөлі жөніндегі үш күндік вебинар аяқталды.
Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі іс-шараны Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Іс-шараға Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан және Украинадан 40-қа жуық құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Беларусь, Словения және Израиль елдерінен қатысқан халықаралық сарапшылар халықаралық стандарттарға, негізгі сын-қатерлерге және ұлттық ведомствоаралық ынтымақтастықты жетілдіру жолдарына зейін сала отырып, ақшаны жылыстатудың дәлелдемесіне бағытталған қатарлас қаржы тергеулерін жүргізу әдістерін талқылады. Олар тергеу әдістері туралы, әсіресе қаржылық тергеулерге және ақшаны жылыстату типологияларына қатысты өз білімдерімен бөлісті, сондай-ақ табысты қаржылық тергеу жүргізуге арналған негізгі қорытындыларды көрсету үшін практикаларынан мысалдар келтірді. Сонымен қатар, сарапшылар криптовалюталар ұғымы және оларды азаматтық айналымда пайдалану, киберқылмыстарды тергеу кезінде биткоиндерді тәркілеу және оларға қамақ салу, сондай-ақ криптовалюталарды пайдалануға байланысты қылмыстармен күресу жөніндегі халықаралық құқықтық нормалар сияқты тақырыптарды қозғады.
Іс-шара Офистің Ақшаны жылыстатумен күресу жөніндегі қаржылық шараларды әзірлеу тобының (ФАТФ) стандарттарына сәйкес қабылдаушы елдің заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жүйесін жақсарту, сондай-ақ киберқылмыстармен күресу және тиісті басқаруды ілгерілету жөніндегі көп жылғы жұмысының бір бөлігі болып табылады.