ЕҚЫҰ Қазақстанда бизнес пен инвесторларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау бойынша оқыту вебинарын қолдайды
ЕҚЫҰ қолдауымен бизнесті және инвесторларды қорғауға қатысты жарты күндік оқу вебинары 2021 жылы 14 мамырда Нұр-Сұлтанда аяқталды.
Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі бұл шараны Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Aгенттігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен серіктестікте ұйымдастырды.
Іс-шараға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және жеке кәсіпкерлердің 20-ға жуық өкілі қатысып, бизнес пен инвесторларды қорғаудың практикалық шешімдеріне назар аударды.
Қатысушылар коммерциялық сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың озық тәжірибелерін және жеке кәсіпкерлікке заңсыз араласудың жолын кесудегі мемлекеттің маңызды рөлін талқылады.
ЭЫДҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы сарапшысы тыңдаушыларға елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларының тиімділігін бағалайтын индикаторлар туралы айтып берді және олқылықтарды анықтау және кемшіліктерді жою бойынша бірқатар практикалық ұсыныстар берді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы қолайлы инвестициялық климатты нығайтуға, кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау арқылы бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға бағытталған Protecting Business and Investments жобасына қатысты соңғы жаңалықтармен бөлісті.
Оқу вебинары Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағдарланған тиісті басқаруға қолдау көрсету бойынша Бағдарламалар офисінің көпжылдық жұмысының бір бөлігі болып табылады.