ЕҚЫҰ «Қазақстандағы қауіпсіз қоғамдастықтар» форумын өткізуде
2021 жылдың 12 наурызында Нұр-Сұлтан қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен «Қазақстанда қауіпсіз қауымдастықтар» форумы өтті. Іс-шараның басты мақсаты мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың Қазақстанда тұрақты және қауіпсіз қоғамдастық құру жөніндегі күш-жігерін біріктіру болып табылды.
Форумды Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисінің басшысы, елші Дьёрдь Сабо ашты. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және жеке сектор компанияларының алпысқа жуық өкілі, соның ішінде Аргентина, Канада, Франция, АҚШ және Ұлыбританиядан спикерлер қатысты.
«Біз қоғамды реформалар процесіне барынша тартуға тырысамыз. Біз полициямен және басқа да мемлекеттік органдармен үнемі диалог құрып, қоғамға өзінің қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін арттыруға көмектесеміз, - деп Дьердь Сабо атап өтті.
Форумда Қарағанды облысының әкімдігі мен Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жүзеге асырып жатқан ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалық офисінің қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілдер бойынша пилоттық жобасының нәтижелері ұсынылды.
Пилоттық жоба аясында белгілі бір аймақтың мәселелерін жергілікті түрде шешуге арналған ведомствоаралық топ құрылды. Топ құрамына мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері кірді. Топ Ұлыбританиядағы қылмыс пен тәртіпсіздіктердің алдын алу бойынша серіктестіктердің тәжірибесіне сүйеніп құрылған.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің өкілдері полицияның жүргізіліп жатқан модернизациялаудың нәтижелерімен таныстырып, болашаққа мақсаттар белгіледі. Қазақстанның ІТ қоғамдастығы елдегі қауіпсіздік жағдайын жақсарту мақсатымен үдерістерді цифрландыру мүмкіндіктері туралы, сондай-ақ қылмыстың алдын алудағы бейнекамералардың рөлі туралы презентациялар жасады.
Халықаралық сарапшылар өз елдерінің азаматтар үшін қауіпсіз және жайлы өмір сүру жағдайларын жасау тәжірибесімен, полиция реформаларындағы және тұрғындармен диалог орнату тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ форумда Ақмола облысындағы Родина ауылының мысалында қауіпсіз қоғамдастық құрудағы бизнестің оң жетістіктері туралы айтылды. Қазақстанның азаматтық белсенділері мен қоғам қайраткерлері өз идеяларымен және ұстанымдарымен бөлісуге мүмкіндік алды. Форумды жылына екі рет өткізу жоспарланып отыр.
Бұл іс-шара ЕҚЫҰ-ның «Қазақстандағы полиция реформасын қолдау» жобасы шеңберінде қабылдаушы елде полицияны реформалауды қолдауға бағытталған ЕҚЫҰ-ның Бағдарламалар Офисінің көпжылдық күш-жігерінің бір бөлігі болып табылады.