ЕҚЫҰ қоршаған орта саласындағы мамандарға арналған Орталық Азия Көшбасшылық Бағдарламасын қолдайды
2020 жылғы 14 қыркүйекте Алматыда ЕҚЫҰ қолдауымен жыл сайынғы Орталық Азия Көшбасшылық Бағдарламасы басталды.
Жас көшбасшыларға арналған бес күндік онлайн бағдарламаны Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Орталық Азияның Өңірлік экологиялық орталығымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Айналадағы Орта Жөніндегі Бағдарламасымен, ЕҚЫҰ Экономикалық және экологиялық қызмет үйлестірушісінің Бюросымен, Еуропалық Одақпен, АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігімен және Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараға қоршаған орта саласындағы 45-ке жуық жас көшбасшы, шешім қабылдайтын мемлекеттік органдардың өкілдері, Ауғанстанның, Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түркіменстанның және Өзбекстанның академиялық және үкіметтік емес ұйымдарынан келген көшбасшылар қатысты. Талқылау климаттың өзгеруіне жол бермеу бойынша үрдістерді түсінуге және экологиялық проблемаларды шешуге бағытталды. Биылғы жылы бағдарлама Қазақстандағы Еріктілер жылын қолдау үшін ұйымдастырылды және оған су ресурстарын интеграцияланған басқару, экологиялық проблемаларды шешудегі қоғамдастықтардың рөлі, өңірлік ынтымақтастық және COVID-19 пандемиясы кезінде тұрақты даму мәнмәтінінде апаттар қаупін азайту сияқты тақырыптар енгізілді.
Орталық Азия Көшбасшылық Бағдарламасы қатарынан он бір жыл бойы өткізіліп келе жатыр. Бұл іс-шара Орталық Азия аймағындағы және одан тыс жерлердегі қоршаған орта жөніндегі ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты даму саласындағы аймақтық диалогты ілгерілетуге бағытталған ЕҚЫҰ-ның көпжылдық жұмысының бөлігі болып табылады.