ЕҚЫҰ Қазақстанда адам саудасына қарсы күрес жөніндегі оқу семинарын қолдауда
Ұлттық әуе тасымалдаушы «Air Astana» мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау және Шымкент қалаларының Азаматтық авиация комитеті жанындағы Авиациялық оқу орталықтарың 28 қызметкері 2019 жылдың 6 қыркүйегінде Алматы қаласында аяқталған ЕҚЫҰ ұйымдастырған адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі семинарға қатысты.
Екі күндік іс-шараны Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі, Қазақстандағы АҚШ Елшілігімен және ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Азаматтық авиацияның адам саудасын анықтау мен оған қарсы әрекет ету рөліне ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар сауда қызметінің механизмдері, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық және ұлттық заңнама туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, курстың бағдарламасына адамдардың вербалды және бейвербалды мінез-құлқын терең психологиялық талдау техникаларын, сондай-ақ тәуекелдің нақты индикаторларын анықтау тәсілдерін зерделеу енгізілді. Тәжірибелік сабақтар қатысушыларға меңгерген жаңа білімдерін қолдануға мүмкіндік берді.
Бұл іс-шара адам саудасына қарсы күресте және ЕҚЫҰ-ның Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындауда қабылдаушы елге қолдау көрсету бойынша ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің көпжылдық қызметінің бір бөлігі болып табылады.