Ашықтықты нығайту: Сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі ЕҚЫҰ семинары
2025 жылғы 8–9 сәуірде ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі Қазақстан Республикасы Бас прокурорының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесе отырып, құқық қорғау органдары үшін «Сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін әкімшілік кедергілерді жою» тақырыбында оқу семинарын ұйымдастырды. Семинар сыбайлас жемқорлыққа әкелетін әкімшілік кедергілерді жою және институционалдық ашықтықты арттыру мәселелеріне арналды.
Семинарға Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі және Бас прокуратурасының өкілдері қатарынан 9 әйел мен 12 ер адам, барлығы 21 қатысушы жиналды. Іс-шара халықаралық озық тәжірибе, нақты мысалдар мен ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияларды әзірлеуге арналған құралдар негізінде ашық пікір алмасу және білім бөлісу алаңына айналды.
Екі күндік оқытуды Литва Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қауымдастығының басшысы, халықаралық сарапшы доктор Раймундас Калесникас жүргізді. Ол қатысушыларға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, реттеу реформалары, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша дәрістер оқыды. Қатысушылар ұлттық ерекшеліктерге бейімделген сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағдарламаларын әзірлеуге бағытталған топтық жұмыстарға белсенді қатысты.
Сессияларда қоғамдық басқарудағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда жүйелік ашықтық пен есептілік тетіктерінің, сондай-ақ күшті институционалдық көшбасшылықтың маңыздылығы айтылды. Ұйымдастырушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін бағалауға арналған жаһандық индекстер мен деректерге негізделген құралдарды қолдануға ерекше назар аударды.
Топтық жұмыстардың нәтижесінде лицензиялау, мемлекеттік сатып алу және қоғамдық қызмет көрсету салаларындағы әкімшілік кедергілерді жою арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту бойынша практикалық ұсынымдар ұсынылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алдын алу қызметінің аналитикалық және әдістемелік қамтамасыз етуді үйлестіру департаментінің аға офицері Арайлым Рашитова бұл іс-шараның маңыздылығын атап өтті: «Бұл оқыту барысында әкімшілік тәжірибелердің қалайша сыбайлас жемқорлыққа жол ашуы мүмкін екенін тереңірек түсіндік. Халықаралық тәжірибеден үйрене отырып, Қазақстан жағдайына бейімделген шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік алдық, бұл бізге орнықты институционалдық реформалар жүргізуге көмектеседі».
Іс-шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисінің Қазақстанда тиімді мемлекеттік басқару мен құқық үстемдігін нығайту жолындағы кәсіби даму мен стратегиялық диалогты қолдау арқылы ашық және орнықты мемлекеттік басқару жүйесін ілгерілетуге деген берік ұстанымын білдіреді.