Жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық туралы істерде зардап шеккендерді қолдауға бағытталған тәсілдерді жетілдіру: Астанада сот рәсімдері мен коммуникациялар бойынша тренинг өтті

2025 жылғы 13-14 наурызда Астанада «Жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қолдауға бағытталған рәсімдер мен коммуникациялар» тренингі өтті. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі ұйымдастырған іс-шара судьяларды, заңгерлерді, психологтарды және халықаралық сарапшыларды осындай істерді соттарда қараудың үздік тәжірибелерін талқылау үшін жинады.
Іс-шара Қазақстан Жоғарғы Сотының судьясы Есенбай Боранбаев пен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисінің адами өлшемі бойынша аға кеңесшісі Николас Мазиктің құттықтау сөздерімен ашылды. Олар сот процестері кезінде әділеттілікті қамтамасыз ету және қайта жарақаттануды азайту үшін зардап шеккендерді қолдауға бағытталған тәсілдердің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі – зорлық-зомбылықтан зардап шеккендермен қарым-қатынас жасау үшін тиімді әдістер мен дағдылардың болмауы. Бұл тренинг судьялар мен мамандарға осы міндетті шешу үшін қажетті құзыреттер мен практикалық дағдыларды игеруге көмектеседі деп үміттенеміз», - деп судья Боранбаев өзінің кіріспе сөзінде атап өтті.
Николас Мазик сот жүйесінің зорлық-зомбылыққа қатысты істерді әділ және мұқият қарауды қамтамасыз етудегі шешуші рөлін атап өтті: «Судьялар жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық жағдайларына құқықтық жауап қалыптастыруда орталық рөл атқарады. Бейтарап шешім қабылдау – әділдіктің негізі, алайда зардап шеккендер сот процесінен құрметпен, ықыласпен және қадір-қасиетін сақтай отырып өтуі де бірдей маңызды».
Тренингтің бірінші күнінде жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылыққа, жалпы қате түсініктерге және сот жүйесінде қайта жарақаттануға ықпал ететін факторларға қатысты негізгі ұғымдарға назар аударылды. Құқық үстемдігі және жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық жағдайларын тергеу жөніндегі халықаралық сарапшы Ирина Урумова осындай істерді қараудағы негізгі сын-қатерлерге арналған интерактивті сессия өткізді. Мемлекеттік органдарға кеңес беру бойынша мол тәжірбиесі бар ол жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық істерін тергеу мен қылмыстық қудалаудың үздік тәжірбиелерін ұсынып, зардап шеккендерді қолдауға бағытталған тәсілдердің маңыздылығын атап өтті.
Доктор Дариуш Селицкий, бұрынғы халықаралық судья және құқықтық реформалар жөніндегі кеңесші, соттардағы қайталама травматизация қаупі және оны азайту стратегиялары туралы сессия өткізді. Халықаралық қылмыстық трибуналдардағы сезімтал істерді қарау тәжірибесіне сүйене отырып, ол қайталама қайталама виктимизацияның алдын алу үшін іс жүргізу кепілдіктерінің маңыздылығын атап өтті.
Жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықтан зардап шеккендермен жұмыс істеуге маманданған дағдарыс психологы Людмила Должикова сот процесінде жәбірленушілердің психологиялық қажеттіліктері туралы айтты. Ол сот тәжірбиесінде жарақатқа бағытталған тәсілдің маңыздылығына назар аудара, судьялар мен заңгерлерге сотта зардап шеккендермен тиімді қарым-қатынас жасаудың практикалық құралдарын ұсынды.
Тренингтің екінші күні зардап шеккендерді қолдауға бағытталған процессуалдық шешімдерге және жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық істеріндегі тиімді коммуникация үлгілеріне назар аударылды.
Доктор Дариуш Селицкий зардап шеккендер үшін қолайлы сот ортасын қалыптастыру стратегияларын ұсынып, қорғаныс шараларын енгізу, жабық отырыстар өткізу және жауап алудың жұмсақ әдістерін қолдану мәселелерін қарастырды. Ирина Уржумова кәмелетке толмаған жәбірленушілер мен зорлық-зомбылықсыз жыныстық қылмыстарға қатысты істердегі спецификалық қиындықтарды талдап, сот процедураларын олардың қажеттіліктеріне бейімдеудің маңыздылығын атап өтті.
Людмила Должикова зардап шеккендерге бағытталған коммуникациялар тақырыбын жалғастыра, арнайы сессия өткізді. Ол сот процестерінің жәбірленушілердің психологиялық жағдайына әсері туралы айта, олардың күйзелісі мен мазасыздығын азайту жолдарын ұсынды.
Құқық қорғаушы және гендерлік мәселелер жөніндегі сарапшы, доктор Халида Әжіғұлова қылмыстық сот өндірісіне гендерлік стереотиптердің әсерін талдады. Ол сот шешімдеріндегі таптаурын көзқарастың жәбірленушілердің сот әділдігіне қол жеткізуіне қалай кедергі келтіруі мүмкін екенін талқылап, сондай-ақ құқық қолдану тәжірибесінде гендерлік кемсітушілікке қарсы күресте басқа елдердің салыстырмалы тәжірибесімен бөлісті.
Екі күндік семинар барысында қатысушылар тәжірибелік кейстерді белсенді түрде талқылап, тәжірибемен алмаса, интерактивті сессияларға қатысып, жәбірленушілерге бағытталған сот тәжірибелерін енгізуге деген ұстанымдарын нығайтты. Іс-шара қорытынды сессиямен аяқталды, оның барысында жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық туралы істердің тиімді қарастырылуындағы судьялардың тұрақты оқытылуы мен сектораралық ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді.
Тренинг Норвегия, Польша және АҚШ қаржыландыратын «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыру» бюджеттен тыс жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.