ЕҚЫҰ Қазақстанда төтенше жағдайлар қаупін азайту мақсатында интерактивті карталар мен қауіпсіздік паспорттарын ұсынды
2024 жылдың 6 желтоқсанында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі Қазақстан аумақтары үшін интерактивті карталар мен қауіпсіздік паспорттарын әзірлеуге бағытталған екі жылдық жобаның нәтижелерін ұсынды. Бұл жоба Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі және Төтенше жағдайлар және апат қаупін азайту орталығымен бірлесіп жүзеге асырылды. Мақсаты — табиғи апаттарды бақылау, модельдеу және ерте ескерту мүмкіндіктерін күшейту, сондай-ақ олардың салдарын болдырмау мен азайту арқылы қауіпсіз және тұрақты қауымдастықтарды құру.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі басшысының орынбасары Юрий Фенопетов: «Жобада әзірленген цифрлық қосалқы жүйелер интерактивті картографиялау мүмкіндіктерін және аумақтық қауіпсіздік паспорттарының цифрландыруды біріктіреді. Бұл төтенше жағдайларға жылдам және тиімді жауап беру шараларын дайындауға көмектеседі», – деп атап өтті.
Презентацияға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық миссиялардың және халықаралық ұйымдардың 50-ден астам өкілі қатысты. Іс-шара барысында жобаның мақсаттары егжей-тегжейлі баяндалып, өрттер, метеорологиялық апаттар, техногендік апаттар және басқа да төтенше жағдайларды бақылау және болжау мүмкіндіктері көрсетілді.
Министрлік өкілдері «Цифрлық қауіпсіздік паспорты» мен «Интерактивті карта» қосалқы жүйелерінің кейбір кеңейтілген мүмкіндіктерін сынап көрді, бұл бағдарламалық жасақтама аумақтық бөлімшелердің деректерді жаңартудағы және оларды күнделікті қызметте қолданудағы жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді деген үміттерін білдірді. Бұл құралдар Төтенше жағдайлар министрлігінің цифрлық қызметтерінің негізін құрайтын «Геоақпараттық жүйе (ГАЖ ТЖ)» жүйесінің құрамына кіреді.
Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар вице-министрі Батырбек Абдышев: «Бұл жоба халықаралық ынтымақтастық пен заманауи технологиялардың азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және елдің тұрақты дамуына айтарлықтай үлес қоса алатындығының жарқын мысалына айналды. Мұндай цифрлық құралдарды әзірлеу идеясы тек өзекті ғана емес, сонымен қатар өте маңызды», – деп атап өтті.
Төтенше жағдайлар және апат қаупін азайту орталығының директоры Серік Аубакиров: «Бұл жобаны іске асырудағы ынтымақтастығымыз табысты әріптестіктің жарқын үлгісіне айналды», – деп атап көрсетті.
Презентация сонымен қатар төтенше жағдайларды болжау, анықтау және оларға әрекет етуді жақсарту мақсатында болашақ цифрландыру бастамаларын талқылау алаңына айналды. Болашақта ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі министрліктің аумақтық бөлімшелерінің және елордадағы командалық орталығының қызметкерлеріне жаңа қосалқы жүйелерді тиімді пайдалану мен оларды күнделікті жұмысқа интеграциялауды қамтамасыз ету үшін бірқатар оқыту іс-шараларын өткізуді жоспарлап отыр.