ЕҚЫҰ халықаралық әділ сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ететін конвенцияларды зерделеу бойынша танысу сапарын қолдады
2024 жылғы 18-21 қараша аралығында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі (Офис) Германияның Халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) серіктестігімен Қазақстанның сот жүйесі өкілдерінің Гаагадағы Халықаралық жеке құқық жөніндегі конференцияға (HCCH) және Германияның Бонн қаласындағы Федералдық юстиция ведомствосына танысу сапарын ұйымдастырды. HCCH, Германияның Федералдық юстиция ведомствосы, Қазақстанның Сот әкімшілігі және «Право» қоғамдық қорының қолдауымен делегация құрамындағы Қазақстан Жоғарғы Соты мен Астана қалалық сотының судьялары, Сот әкімшілігінің қызметкерлері және Заңнама мен сот-құқықтық реформа комитетіне кіретін Мәжіліс депутаттары құнды практикалық ақпарат алды.
Іс-шара азаматтық және коммерциялық істер бойынша халықаралық әділ сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз ететін маңызды Гаага конвенцияларын қолдану саласындағы білімді тереңдетуге және тәжірибе алмасуға бағытталды. Атап айтқанда, бұлар – 1965 жылғы Сот құжаттарын тапсыру туралы конвенция, 1970 жылғы Дәлелдерді жинау туралы конвенция, сондай-ақ 2007 жылғы Алимент туралы конвенция және 2007 жылғы Алименттік міндеттемелер туралы хаттама.
Танысу сапарының тиімділігін арттыру үшін халықаралық жеке құқық саласында тәжірибесі бар ұлттық консультант кездесулерге қатысып, Гаага конвенцияларын қолдану бойынша мамандандырылған кеңестер мен түсініктемелер берді. Консультативтік қолдау көрсетілген оқу сапары Қазақстанның судьялары мен Сот әкімшілігі қызметкерлеріне арналған Гаага конвенцияларын қолдану жөніндегі нұсқаулық материалдарды әзірлеуге бағытталған кейінгі іс-шараларға негіз болды. Бұл іс-шаралар практикалық білімді кеңейтуге және халықаралық контексте, соның ішінде балалар мүддесін қорғау тұрғысынан әділ сот төрелігіне тиімді қол жеткізуді қамтамасыз етуге ықпал етеді деп күтілуде.
Оқу сапары Офистің «Қазақстандағы сот жүйесінің тиімділігін арттыру» атты бюджеттен тыс жобасы аясында АҚШ, Польша және Норвегия үкіметтерінің қолдауымен ұйымдастырылды.