ЕҚЫҰ Орталық Азиядағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бойынша аймақтық конференцияны қолдайды
2024 жылдың 25-26 қарашасында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі (Офис) Фридрих Эберт атындағы қор (FES) және Қазақстандағы «Дағдарыс орталықтарының одағы» ұйымымен бірге Алматы қаласында «Орталық Азиядағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету жүйелері: Агрессорларға арналған түзету бағдарламалары» тақырыбында аймақтық конференция өткізді. Шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан парламент мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен ғалымдар қатысты.
«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» кампаниясын ашқан конференция тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестегі озық тәжірибемен алмасу, табысты тәжірибелерді талқылау және әрбір қатысушы елдің ерекшеліктеріне сәйкес біртұтас аймақтық стратегия әзірлеу үшін алаң болды. Қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі заңнамалық және құқықтық негіздер, құқық қорғау органдарының рөлі, сондай-ақ агрессорларды түзету бағдарламалары арқылы реабилитациялау және қайта әлеуметтік бейімдеу сияқты жүйелі тәсілдер жөнінде кеңінен талқылады. Басқа сессиялар зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге, оның ішінде зорлық-зомбылықтың куәгері болған балаларға көмек көрсету, профилактика мен жауап шаралары үшін IT-технологияларды пайдалану, сондай-ақ қоғамның хабардарлығын арттыру және өзгерістерді ынталандыруда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөліне арналды.
Конференцияда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестің кешенді тәсілін қолданудың маңызына ерекше көңіл бөлінді. Бұл тәсілде тек зардап шеккендерге қорғаныш жасау ғана емес, агрессорларды реабилитациялау да маңызды болып табылады. Зерттеулер көрсеткендей, агрессорларға арналған түзету бағдарламалары қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға және зардап шеккендердің қауіпсіздігін арттыруға елеулі әсер етеді. Мұндай бағдарламалардың Германияда сәтті жүзеге асырылуы мысал ретінде келтірілді, онда агрессорларды реабилитациялау үшін арнайы шаралар қолданылған.
Офистің адам өлшемі бойынша аға кеңесшісі Николас Мазик жәбірленушілерді кінәлау көзқарасынан агрессорлардың жауапкершілігіне көңіл бөлуге және гендерлік зорлық-зомбылықпен күресте ерлер мен ұлдарды одақтас ретінде тартуға шақырудың маңыздылығын атап өтті.
Конференция тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес механизмдерін жақсарту бойынша практикалық ұсыныстар әзірлеумен аяқталды. Шара сонымен қатар табысты тәжірибелер мен стратегиялармен алмасуға, сондай-ақ қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне деген назарын арттыруға ықпал етті.
2024 жылдың желтоқсанында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі, ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі бағдарламалар офисімен және FES-пен бірлесіп Германияның Ландау-ин-дер-Пфальц қаласындағы Оңтүстік Пфальцтың интервенция орталығына оқу сапарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама аймақтық мамандарға түзету бағдарламаларының тиімді модельдерімен танысуға және оларды өңірде бейімдеу мен енгізу мүмкіндіктерін қарастыруға мүмкіндік береді. Сапардың мақсаты — агрессорлардың мінез-құлқын басқаруды жақсарту және зардап шеккендер үшін қолдау жүйелерін нығайту.