Қазақстанның сот әкімшілігі стратегиясының жобасы дөңгелек үстел отырысында ұсынылды
2024 жылғы 4 қазанда сот жүйесін реформалауға бағытталған маңызды қадам ретінде ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі (Офис) және Қазақстанның Сот әкімшілігі 2025-2029 жылдарға арналған сот әкімшілігін дамыту Стратегиясының жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізді. Судьялардың 9-шы съезінен кейінгі бұл айтулы оқиға қабылдаушы елдің реформасының басымдықтарына сәйкес Қазақстанның сот жүйесіне тиімділікті, қолжетімділікті және қоғамның сенімін арттыруға бағытталған бірнешеайлық бірлескен жұмыстың шарықтау шегі болды.
Дөңгелек үстелге Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров ұсынған стратегия жобасын талқылау мақсатында мемлекеттік институттар, судьялар, заңгерлер, азаматтық қоғам өкілдері, ұлттық және халықаралық сарапшылар жиналды. Қатысушылар сот тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және заң үстемдігін сақтауға ерекше назар аудара отырып, озық халықаралық тәжірибені енгізу бойынша маңызды пікірлерін білдірді. Стратегияның нақтыланған нұсқасы сот әкімшілігін жаңғыртуға және халықтың сот жүйесіне сенімін арттыруға бағытталуы күтілуде.
Стратегия жобасы бірқатар кеңестер мен іс-шаралар негізінде дайындалды. 2022 жылғы соттарды әкімшілендіру модельдерін талдаулар кейінгі талқылауларға негіз болып, 2023 жылы маусымда өткен «Сот әкімшілігі тәуелсіз сот төрелігі үшін» атты халықаралық дөңгелек үстелде жалғасын тапты. Дөңгелек үстел Аргентина, Әзербайжан, Ұлыбритания, Дания, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан жиналған 100 қатысушының басын қосып, сот тиімділігі, жаңа технологиялар, сот төрелігіне қолжетімділік және сот әкімшілігін жаңғырту салаларындағы озық тәжірибелермен алмасуға бағытталды. Іс - шараның қорытындылары мен ұсыныстары Қазақстанда сот әкімшілігін дамыту стратегиясы жобасының негізі ретінде қызмет ететін ұсынымдар жиынтығына жинақталды.
Осы прогреске сүйене отырып, 2024 жылы ЕҚЫҰ-ның халықаралық және ұлттық кеңесшілер тобының жетекшілігімен стратегиялық жоспарлауға, адами ресурстары саясатына және негізгі тиімділік көрсеткіштерін (KPI) сәйкестендіруге бағытталған бірқатар сессиялар өткізілді. Бұл іс - шаралар Қазақстанның Сот әкімшілігінің жұмыс тобына стратегия жобасын пысықтауда қолдау көрсетті. Бұл бастамалар тізбегі қазақстандық сот жүйесі үшін транспарентті, тиімді және азаматтарға бағытталған сот төрелігі жүйесін құруға негіз болатын трансформациялық кезеңді білдіреді.
Аталған іс-шаралардың барлығы Офистің «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыру» бюджеттен тыс жобасы аясында Америка Құрама Штаттары, Польша және Норвегия үкіметтерінің қолдауымен іске асырылды.