Қазақстандағы киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру тобының үшінші отырысы
2024 жылғы 18 қыркүйекте ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі Қазақстандағы 2025-2029 жылдарға арналған киберқылмыстар мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимылдың алғашқы Кешенді жоспарын (бұдан әрі – Кешенді жоспар) әзірлеу бойынша Ведомствоаралық үйлестіру тобының қорытынды, үшінші отырысын өткізді. Бұл бастама ҚР Ішкі істер министрлігімен және ҚР Президент Әкімшілігінің қолдауымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Киберқылмысқа қарсы тиімді саясатты әзірлеуде Қазақстан Республикасына қолдау көрсету» атты бюджеттен тыс жобаның бір бөлігі болып табылады.
Отырысқа құқық қорғау және мемлекеттік органдардың 80-нен астам өкілі, оның ішінде 20 аумақтық полиция департаменттерінің өкілдері, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы жетекші ұлттық және халықаралық сарапшылар, сондай-ақ жеке сектор өкілдері қатысты. Кездесудің басты мақсаты Кешенді жоспар жобасын талқылау, жоспарға өзгерістер енгізу, іс-шараларды іске асыру әдістері мен мерзімдерін анықтау болды.
«Біздің басты серіктесіміз – ҚР Ішкі істер министрлігіне ерекше ризашылығымызды білдіргім келеді. Сіздің қызметкерлеріңіз күнделікті киберқылмысқа қарсы күресте алдыңғы шепте жүр. Олардың осы қылмыстарды тергеуде және қылмыскерлерді жауапқа тартуда қандай қиындықтарға тап болатынын білеміз. Сіздерді сендіргім келеді, біз, жалпы Ұйым ретінде де, Офис ретінде де, киберқылмысқа қарсы күреске бағытталған бастамаларды жүзеге асыруда сіздің Министрлігіңізге жан-жақты қолдау көрсетеміз», – деді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы д-р Фолькер Фробарт.
Қорытынды кездесу сарапшылар деңгейінде өтті және осы форматтағы бірінші және екінші кездесулерде басталған жұмыстың жалғасы болып табылады. Қатысушылар Қазақстандағы қазіргі жағдайды және ЕҚЫҰ-ға және ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттердің киберқылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық тәжірибесін талдау негізінде жүргізілген киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласын жақсарту жөніндегі негізгі қорытындылар мен ұсынымдарды қарастырды. Киберқылмыстың жаңа қауіптері мен қатерлеріне қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру, киберқылмыстың алдын алу жүйесін жетілдіру, сондай-ақ жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауға ерекше назар аударылды.
«Біз өткен жылдан бастап ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисімен және мемлекеттік органдармен бірлескен жобаны іске қостық. Ол киберқылмысқа қарсы тиімді саясатты әзірлеуге бағытталған. ІІМ-нің жанынан Ведомствоаралық топ құрылды. Кешенді жоспар жобасы әзірленді», – деп атап өтті ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев, бірлескен күш-жігердің маңыздылығына назар аудара отырып.
Отырыс қорытындысы бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту, ведомствоаралық өзара іс-қимыл механизмдерін орнату, сондай-ақ киберқылмыстарды анықтау, тергеу, алдын алу және болдырмау саласында тиімділікті арттыру үшін мемлекет, қоғам және үкіметтік емес сектор арасындағы серіктестікті күшейту қажеттігі танылды.
Бюджеттен тыс жоба Германия Федеративтік Республикасы мен Норвегия Корольдігінің үкіметтерінің қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып, Қазақстанның Компьютерлік қылмыстар туралы Будапешт конвенцияға қосылуға бағытталған күш-жігерін қолдайды. Қазақстанның киберқылмысқа қарсы күрес саясаты дамыған сайын, Кешенді жоспар цифрлық дәуірдің артып келе жатқан сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұру үшін елге қажетті құралдарды ұсынатын негізгі бағдар болады.