ЕҚЫҰ Қазақстанның банк секторындағы ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі іс-әрекетті күшейтуде
2024 жылғы 29-30 мамырда ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) бірлесіп Алматы қаласында оқыту семинарын өткізді. Семинар салық қылмыстары, кәсіпкерлік қызмет және мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар нәтижесінде болған ақшаны жылыстатуға қарсы күреске арналды. Бұл бастама Қазақстанның ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестегі әлеуетін нығайтуға бағытталған көпжылдық ынтымақтастықтың бір бөлігі болып табылады.
Қабылдаушы ел 2021-2023 жылдар аралығында ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша Базель индексінде өзінің көрсеткіштерін 16 тармаққа жақсарта отырып, ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуде айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Алайда осы жетістіктерге қарамастан, проблемалар әлі де бар. 2023 жылы Қазақстан салық төлеуден жалтару және соған байланысты қылмыстар салдарынан айтарлықтай қаржылық шығынға ұшырады. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Қазақстан жыл сайын салықтық бұзушылықтарға байланысты шамамен 1 миллиард АҚШ доллар шығындарға тап болады. Сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, мемлекеттік сатып алу үдерістеріндегі алаяқтық пен сыбайлас жемқорлық жыл сайын 300 миллион АҚШ долларына жуық шығынға алып келеді. Бұл проблемалар мемлекеттік шығындардың тиімділігі мен ашықтығына қауіп төндіреді, бұл проблемаларды шешу үшін қатаң шаралар қабылдау қажеттілігін көрсетеді.
Осыған байланысты Офис ҚНРДА және коммерциялық банктер өкілдерінен тұратын 20 қатысушыға, оның ішінде 17 әйел мен үш ер адамға, ақшаны жылыстатуды анықтау және алдын алу бойынша біліктілігін арттыру мақсатында семинар ұйымдастырды. Сарапшылардың жетекшілігімен өткен сессиялар салық қылмыстарына қатысты күдікті әрекеттерді анықтау, ақшаны жылыстатуды алдын-ала анықтау мен хабарлау құралдары және салық қылмыстар нәтижесінде ақшаны жылыстатуға қарсы халықаралық және ұлттық заңдарға жан-жақты шолу сияқты тақырыптарға арналды. Атап айтқанда, "Клиентіңізді біліңіз" (KYC) құралдар санатына жататын Thomson Reuters World-Check және Fiserv At Risk Manager құралдары талқыланды. Семинар сонымен қатар қаржы институттарына қойылатын нормативтік талаптарды, шағын мен орта кәсіпорындардың осалдығын және мемлекеттік сатып алу процестеріндегі потенциалды теріс пайдалануды қарастырды.
Қатысушыларға сатып алу саласындағы алаяқтық және ақшаны жылыстату арналары бойынша жағдайлық зерттеулер ұсынылды, бұл оларға қаржылық қылмыстармен тиімді күресу үшін қажетті практикалық білім мен дағдыларды берді. Бұл семинар Агенттік өкілдері мен банкирлердің әлеуетін нығайтып, Қазақстанның қаржы жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етілуіне үлес қосты.
ҚНРДА аға қызметкері Алмас Калаубай семинардың жетістігін атап өтіп: "Семинар біздің қызметкерлерге ақшаны жылыстатумен тиімді күресу үшін білім мен практикалық құралдарды ұсына отырып, сәтті өтті. Алынған білім біздің реттеу және тергеу саласындағы мүмкіндіктерімізді нығайтады".
"Осы семинарда алған білімнің қолданылуын асыра бағалау қиын. Біздің қатысушылар қазір бұл тәжірибелерді өздерінің күнделікті іс-әрекеттеріне енгізуге жақсы дайындалған, бұл біздің қаржылық қылмыстарға қарсы күресімізді айтарлықтай күшейтеді," – қосты Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қызметкері Әсем Қалмағамбетова.
Бұл семинар қаржылық қылмыс мәселелерін шешудегі маңызды қадам болып табылады және Офис пен оның серіктестерінің қабылдаушы елде қаржылық реттеудің сенімді жүйесін құруға деген адалдығын көрсетеді. Осындай бастамаларды дамытуды жалғастыра отырып, Қазақстан ақша қаражатын жылыстатуға қарсы іс-қимылда және өзінің қаржы жүйелерін заңсыз қызметтен қорғауда елеулі табыстарға қол жеткізуге дайын. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі тұрақты ынтымақтастық пен білім алмасу арқылы осы іс-әрекетті қолдауды жалғастырады.