Қазақстандағы киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру тобының екінші отырысы
16-17 мамырда ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі (бұдан әрі - Офис) ҚР Ішкі істер министрлігімен ынтымақтастықта және ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен іске асырылатын «Киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың тиімді саясатын әзірлеуде Қазақстанды қолдау» атты жобасы шеңберінде Қазақстандағы киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру тобының (бұдан әрі - Ведомствоаралық топ) екінші отырысы өтті. Іс-шара Қосшы қаласындағы ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында өтті.
Ведомствоаралық топтың екінші отырысы Қазақстандағы киберқылмысқа қарсы күрес бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастырудың маңызды кезеңі болып табылады. 14-15 наурызда Астана қаласында өткен алдыңғы отырыстың нәтижелері негізінде қатысушылар одан әрі жұмыс істеу үшін айқындалған негізгі аспектілерге тереңірек үңілуге дайын. Бірінші отырыстың қорытындысы бойынша қолданыстағы олқылықтарға талдау жүргізу және кейіннен киберқылмыстар мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) заңсыз пайдалану жолымен жасалатын қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі алғашқы кешенді іс – қимыл жоспарын (бұдан әрі - Іс-қимыл жоспары) әзірлеу үшін қадамдарды айқындау болды.
Екінші отырыс барысында Қазақстандағы киберқылмысқа қарсы күрестегі ағымдағы ахуалды талдаудың алдын ала нәтижелеріне шолу ұсынылды. Алдын ала тұжырымдар киберқылмыспен тиімді күресу үшін мемлекеттік органдардың, жеке сектордың және үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимыл тетіктерін жолға қою қажеттігін көрсетеді. Әрі қарайғы қадамдар ағымдағы жағдайды бағалау нәтижелері мен үздік әлемдік тәжірибелер негізінде іс-қимыл жоспарын әзірлеуді қамтиды.
Бұдан басқа, ЕҚЫҰ мен ЕЭЫДҰ-ға қатысушы мемлекеттердің киберқылмыстар мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) заңсыз пайдалану жолымен жасалатын қылмыстарға қарсы, соның ішінде кибер алаяқтыққа, киберкеңістіктегі әйелдер мен балаларды жыныстық қанауға, гендерлік зорлық-зомбылыққа, ақшаны жылыстатуға, Интернет арқылы есірткі саудасына және терроризмге әкелетін зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы күрестегі халықаралық тәжірибелердің талдау нәтижелері ұсынылды. Бұл тәжірибе алмасу қазақстандық шындыққа бейімделіп, болашақ іс-қимыл жоспарына енгізілуі мүмкін озық тәжірибелер мен стратегияларды бөліп көрсетуге мүмкіндік берді.
Еуропа Кеңесінің сарапшыларының Компьютерлік қылмыстар туралы Еуропа Кеңесінің Конвенциясының (Будапешт, 2001) талаптары жайлы баяндамасына ерекше назар аударылды. Осы Конвенцияға мүшеліктен туындайтын артықшылықтар мен міндеттемелер, сондай-ақ стандарттарды ратификациялау және ұлттық заңнамаға енгізу үшін қажетті қадамдар талқыланды. Баяндама халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын ғана емес, сонымен қатар киберқылмыспен күрес жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру кезінде адам құқықтарының кепілдіктерін есепке алу және деректерді қорғау қажеттігін атап өтті.
Өткізілген іс-шара мүдделі тараптар арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етіп қана қоймай, Қазақстанның киберқылмысқа қарсы күресте елдердің халықаралық қоғамдастығына белсенді интеграциялануға деген ұмтылысын растады. Офис сонымен қатар киберқылмыспен күресу мен адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікке ерекше мән береді, бұл жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдеріндегі негізгі аспект болып табылады.