ЕҚЫҰ Қазақстанның активтерді қайтару саласындағы заңнамасы мен мүмкіндіктерін жетілдіру бойынша ынтымақтастықты бастады
2024 жылғы 26 қаңтарда ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің Басшысының орынбасары, Юрий Фенопетов, Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы, Нұрдәулет Суиндиков мырзамен кездесіп, Қазақстандағы заңсыз қаржылық қызметке қарсы күрес жөніндегі бірлескен жұмысты талқылады. Активтерді қайтару жөніндегі Комитет (бұдан әрі - Комитет) елден заңсыз әкетілген активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган болып табылады. Комитет сонымен қатар қылмыстық, әкімшілік және азаматтық құқық саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа жауап береді және активтердің шығу тегі туралы ақпаратты бағалау және талдау арқылы активтерді мемлекет атынан және оның мүддесі үшін қайтару қызметін жүзеге асырады.
Кездесу барысында төраға ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің өкілдерін жаңадан құрылған комитеттің мандаты және Қазақстанда активтерді қайтаруға байланысты әзірленген заңнама туралы хабардар етті. Екі тарап активтерді қайтару саласындағы тек ұлттық деңгейде ғана емес, сондай-ақ кеңірек жаһандық шеңберде резонанс тудыратын қазіргі және болашақ мәселелерді шешуге міндеттеме алғанын атап өтті. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі қабылдаушы елдің басымдықтарын негізге ала отырып, заңсыз алынған және әкетілген активтерді қайтаруға жәрдемдесуге бағытталған түрлі бастамаларды қолдауға және ұйымдастыруға дайын екендігін білдірді. Келісімнің негізгі тармағы сараптамалық қолдау арқылы активтерді қайтару туралы ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша бірлесіп жұмыс істеу және Комитет қызметкерлерінің түрлі тақырыптар бойынша, оның ішінде трансұлттық қаржылық қылмыстармен байланысты туындайтын проблемаларды шешуге белсенді көзқарасты көрсететін практикалық оқу іс-шаралары арқылы мүмкіндіктерін кеңейту ниеті болды.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі мен Активтерді қайтару жөніндегі комитет арасындағы ынтымақтастық қаржылық құқық бұзушылықтарға қарсы бірлескен күш-жігердегі айтарлықтай прогресті білдіреді. Заңсыз шығарылған активтердің қайтарылуы Кірістерді Жылыстатуға/Терроризмді Қаржыландыруға Қарсы іс-қимыл (АЖ/ТҚҚ) саласына жататындықтан, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің негізгі басымдықтарының бірі екеніне назар аударылды. Халықаралық ынтымақтастықты нығайта отырып және тиісті органдарға кеңейтілген мүмкіндіктер бере отырып, серіктестік аймақтық деңгейде заңсыз қаржылық қызметпен күресуге және заңсыз сатып алынған активтерді қайтаруға үлес қосуға тырысады.