ЕҚЫҰ Қазақстанда шекара қызметкерлерін жалған құжаттарды анықтау бойынша оқытуда
Жалған жол жүру құжаттарын анықтау және сәйкестендіру техникалары бойынша бес күндік ЕҚЫҰ оқыту семинары Алматыда 2018 жылы 23 қарашасында аяқталды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің жиырма үш шекара қызметкері Аустрия Федералдық Ішкі істер министрлігінің Құжаттар қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі кеңесшілер тобының сарапшылары өткізген курсқа қатысты. Семинар құжаттардың халықаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әлеуетті нығайтуға және шекаралық бақылау кезінде бұрмаланған жол жүру құжаттарын анықтауға бағытталған.
Алматы Халықаралық әуежайынан, сондай-ақ әртүрлі шекаралық өткізу пункттерінен келген қатысушылар қорғаныш қағазын өндіру үрдістерімен, құжаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қағаз және полимерлі төсемдерді пайдаланумен, дәстүрлі баспа әдістерімен, фотоқорғанышпен және екінші реттік тексеріспен танысты.
Оқу бағдарламасы қатысушыларға өздерінің жаңа білімін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік бере отырып, көптеген елдердің тәркіленген бұрмаланған құжаттарымен және түпнұсқа жол жүру құжаттарымен тәжірибелік жаттығуларды қамтыды.
Семинар ЕҚЫҰ Трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету жөніндегі департаментінің Жол жүру құжаттарының қауіпсіздігі бойынша бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Оны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстандағы Америка Құрама Штаттары Елшілігінің Халықаралық күрес және заңдылықты сақтау бөлімімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен ынтымақтастықта өткізді.
Іс-шара Қазақстанда ЕҚЫҰ шекараларының қауіпсіздігі тұжырымдамасын алға жылжыту бойынша Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді жұмысының бір бөлігі болып табылды.