ЕҚЫҰ Қазақстанда шекара қызметінің өкілдеріне арналған шетелдік терроршы-жауынгерлерді анықтау бойынша курсты өткізуде
2018 жылы 20-22 қарашада ЕҚЫҰ Мобильдік дайындық тобы Астанада бірінші және екінші қатардағы 25 шекара қызметкері, оның ішінде 4 әйел үшін шекараларда шетелдік терроршы-жауынгерлерді анықтау бойынша интерактивті ұлттық курсты өткізді.
Оқу тобының тоғызыншы өткізген іс-шарасын ЕҚЫҰ Трансұлттық қауіп-қатерлер департаменті Шекара қауіпсіздігі және шекараларды басқару бөлімі ұйымдастырды. Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстанның Шекара қызметімен тығыз ынтымақтастықта қолдады.
Оқу курсы халықаралық, аумақтық және ұлттық құқықтық рамкалар мәселелеріне және Интерпол дерекқорларын тиімді пайдалануға арналды. Сонымен қатар адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес шекараларда мүмкін шетелдік терроршы-жауынгерлерді анықтаған кезде тәуекелдерді талдау және басқару талқыланды.
«Өңірдегі геосаяси өзгерістерге жауап ретінде ЕҚЫҰ шекара қызметкерлеріне арналған қылмыскерлердің шекарадан заңсыз өту үшін қолданатын әдістері мен когнитивтік мінездік талдау бойынша оқу семинарларын ұйымдастыру арқылы Қазақстан Республикасының Шекара қызметін қолдау бойынша тиімді шараларды енгізді. Нәтижесінде қылмыскерлерді шекарада ұстау саны ұлғая түсті. Бұл осындай тренингтердің және халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін дәлелдейді», - деп айтты Талғат Баяндинов, Қазақстан Шекара қызметінің Өңірлік бөлімі бастығының орынбасары.
Курстың барысында шекараларда мүмкін шетелдік терроршы-жауынгерлерді анықтау үшін қолданылатын тәуекелдерді талдау моделдерінің маңыздылығы, сондай-ақ алдағы жағдайлар, беталыстар және ағымдағы жағдай талқыланды. Қатысушылар жалған құжаттарды және алаяқтарды табу бойынша тәжірибе сабақтарын өткізді, сонымен бірге шетелдік терроршы-жауынгерлердің мінез-құлық көрсеткіштерін түсінуге бағытталған интерактивті жаттығуларға қатысты.
Грузияның, Польшаның, Украинаның және Біріккен Корольдіктің Мобильдік дайындық тобының мүшелері, сондай-ақ ИНТЕРПОЛ, ЕҚЫҰ және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымының сарапшылары презентацияларымен сөз сөйледі. Олар шекараларда шетелдік терроршы-жауынгерлерді танудағы өз білімімен және тәжірибесімен бөлісті.
ЕҚЫҰ Мобильді дайындық тобын ЕҚЫҰ Трансұлттық қауіп-қатерлер департаменті Шекара қауіпсіздігі және шекараларды басқару бөлімі 2016 жылы құрды. Оның құрамына ЕҚЫҰ қатысушы-мемлекеттерінің және ынтымақтастық бойынша серіктестердің шекаралар және лаңкестікпен күрес жөніндегі таңдаулы 17 сарапшысы кіреді.