ЕҚЫҰ Қазақстанда тәуекелдерді профильдеу бойынша оқыту семинарын бірлесіп ұйымдастыруда
2018 жылдың 19 қазанында Жаркентте ЕҚЫҰ қолдауымен ұйымдастырылған шекаралық өткізу пункттерінде тәуекелдерді профильдеу бойынша бескүндік оқыту семинары аяқталды.
Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің он тоғыз офицері қатысты. Оқыту семинарын Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мен Астанадағы АҚШ Елшілігінің Халықаралық есірткімен күрес және заңдылықты сақтау бөлімі және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп ұйымдастырды.
Семинарды Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ЦАРИКЦ) және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Академиясының сарапшылары өткізді. Олар шекарашыларды өз жұмысында трансұлттық қылмысқа қарсы іс-әрекет ету мақсатында қылмыстық оқиғалар бойынша мәліметті талдау үшін статистикалық құралдарды пайдалануды және кең ауқымда пәрменді тәуекелдер профильдерін жасауды үйретті.
Оқыту курсының бағдарламасына күдіктінің вербалды және вербалды емес мінез-құлқын терең психологиялық талдау техникалары, сонымен қатар тәуекелдердің нақты көрсеткіштерін анықтау жолдары енгізілген. Практикалық жаттығулар барысында қатысушылар жаңадан үйренген білімдерін қолдануға мүмкіндік алды.
Аталған іс-шара Қазақстанның түрлі аудандарында 2016 жылдан бастап 200-ден астам шекарашыларға арнап ұйымдастырылған шекара қызметкерлеріне арналған тренингтер топтамасының бірі болып табылады. Сондай-ақ, ол трансұлттық қауіптерге қарсы әрекет ете отырып, қабылдаушы елде шекаралық қауіпсіздікті нығайту мен шекара қауіпсіздігін кешенді басқаруды ілгерілету бойынша Офистің қызметінің бір бөлігі болып табылады.