Терроризмге қатысты қылмыстық сот әділдігінің жауапты шаралары Қазақстанда өткен ЕҚЫҰ мен БҰҰ ЕҚБ бірлескен семинарының басты назарында
2017 жылдың 5 қазанында Астана қаласында терроризмге қатысты қылмыстық сот әділдігінің талаптарына сай келетін заң үстемдігін күшейту мәселелеріне арналған екі күндік семинар аяқталды. Аталған семинарға сот органдарының, құқық қорғау органдарының және түрме басқармасының 30 астам қызметкері қатысты.
Семинарды ЕҚЫҰ Трансұлттық қауіп-қатерлер департаменті Терроризмге қарсы бөлімшесі Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисімен тығыз ынтымақтастықта ұйымдастырды. Бұл шара терроризмге қатысты қылмыстық сот әділдігінің жауапты шаралары бойынша Орталық Азия үшін БҰҰ ЕҚБ мен ЕҚЫҰ ортақ бастамасының бір бөлшегі болып табылады. Семинар тақырыбы Жаһандық контртеррористік форумның Рабат меморандумында көрсетілген озық тәжірибе мәселелеріне арналды. Меморандумда қолданылатын халықаралық құқыққа құрмет білдіріле отырып, терроризмді алдын алу және сотпен қудалау туралы ақпарат қамтылған.
Қылмыстық сот әділдігі саласындағы сарапшылар Германия, Нидерланды, Польша, Біріккен Корольдік, Америка Құрама Штаттары және Қазақстанда дайындалған құқықтық параметрлер мен практикаларды, сондай-ақ осы саладағы жекеменшік қаржылық сектордың жұмысын таныстырды.
«Интернет әсіресе жастар арасында радикалдандырудың басты арнасы екендігі құпия емес», - деді ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы ректорының міндетін атқарушы Наиль Ахметзакиров. «Сондықтан біз терроризмге қарсы күрестің тиімділігі барлық құқық қорғау органдарының ынтымақтастық деңгейіне және олардың терроризмге ұшыраған барлық салаларда кең ауқымдағы жағдайды көру қабілетіне байланысты екенін түсінеміз».
«Терроризммен тиімді күрес жүргізу үшін ел үкіметтері құқық қорғау органдар, сотпен қудалау және сот процесі үшін үздік тәжірибелер қолданылатын жан-жақты амалдарды қолдану қажет», - деді Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Колин Маккалоу. «Бұл бейкүнә жандардың құқықтары қорғалуын қамтамасыз етіп, бұқараның сот әділдігі жүйесі оларды және олардың құқықтарын қорғайтынына сенімі арта түсетініне оң ықпалын тигізетін болады».
Бұдан басқа, қатысушылар ұлттық үкіметтік ұйымдар арасындағы тиімді үйлестіру механизмдері мен әсіресе, терроризммен бетпе-бет келгенде халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын талқыға салды. Сонымен қатар жиын барысында терроризм туралы істерге қатысатын барлық тараптар үшін қорғанысты қамтамасыз ету, сондай-ақ сотталған террористерді бас бостандығынан айырып, қайта интеграциялаудың тиімді саясатын әзірлеу қажет екенін ерекше атап өтілді.
Астанада өткен аталмыш шара Америка Құрама Штаттарының бюджеттік емес қаражаты есебінен қаржыландырылатын семинарлар топтамасының жетіншісі болды. Бұған дейін мұндай семинарлар Никосияда (2014), Скопьеде, Софияда, Ташкентте (2015), Сараевода (2016) және Приштинада (2017 жылдың шілде айы) өткен болатын.