ЕҚЫҰ Қазақстандағы екінші халықаралық әйелдер форумын қолдайды
Астана, 2 тамыз 2017 ж. - Бүгін Астанада, ЕҚЫҰ қолдауымен жоғары деңгейдегі үкіметтің, Парламенттің, азаматтық қоғамның, сондай-ақ Қазақстан бизнес қоғамдастығының өкілдерін қоса алғанда шамамен 200 қатысушы үшін «Болашақ энергиясы: әйелдер, бизнес және жаһандық экономика» екінші халықаралық әйелдер форумы басталды.
Бұл іс-шара астанамызда қазір өтіп жатқан EXPO-2017 дүниежүзілік көрме шеңберінде ұйымдастырылды. Форумға қатысушылар тұрақты және жан-жақты даму, таза қоршаған орта және «жасыл» экономикаға ауысу мақсатында әйелдер мен әйелдер ұйымдарын қолдау жолдарын талқылады. Ұйымдастырушылар тұжырымдама ұсынды, оған сәйкес әйелдерге жаңа технологияларды оқыту қайырымдылық пен әлеуметтік кәсіпкерліктің инновациялық түрі болып табылады. Сонымен қатар, қатысушылар 2030 жылға қарай тұрақты мақсаттарға жету туралы Қазақстанның стратегиялық құжатына шолуды тыңдады.
«Экономикалық сияқты, сондай-ақ, саяси жағынан әйелдерді ілгерілететін қоғам, аса күшті қоғам болып табылады», - деді Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо. «ЕҚЫҰ барлық қатысушы мемлекеттердің үкіметін гендерлік теңдікті белсенді қолдауға шақырады».
«Жасыл экономика және «G-Global» дамуы үшін коалиция» басқармасының төрағасы Салтанат Рахимбекова: «Арнасай – бұл осы тұжырымдаманы іске асырудың табысты үлгісі болған Қазақстандағы алғашқы «жасыл ауыл». Бұл жобаның аясында 5000-нан астам қатысушы жұмыста және зерттеулерде қолданылуы мүмкін жасыл технологиялар саласын оқыды. Бұл осындай технологиялар мен бастамалар – ел болашағының көрнекі мысалы».
Форумды Жасыл экономика және «G-Global» дамуы үшін коалиция, «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қоры, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мен басқа халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар ұйымдастырды.
Бұл іс-шара гендерлік теңдікке көмектесу жөніндегі ЕҚЫҰ іс-қимыл жоспарын іске асыруға және қабылдаушы елдегі барлық әйелдердің экономикалық құқықтарын кеңейту жөніндегі бастамаларды қолдауға бағытталған.