ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы ақшаның жылыстауымен күресте білікті арттыруға ықпал етеді
АСТАНА, 26 наурыз 2012 ж. – Бүгін Астанада ақшаның жылыстауымен және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрестің халықаралық механизмдер мен құралдары бойынша қазақстандық мемлекеттік қызметкерлерге арналған төрт күндік оқу курсы өз жұмысын бастады. Бұл курсты ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы Қазақстан қаржы полициясымен, АҚШ Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Аталмыш шараға Қаржы полициясының және Қаржы полициясы академиясының, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетінің (ҚББ) 40-қа жуық аға офицерлері, сарапшылары, судьялары мен прокурорлары, сондай-ақ заңсыз активтерді жылыстатуға қарсы әрекет бойынша қауымдастығы үкіметтік емес ұйымының өкілдері қатысуда.
Курс барысында Швейцария, Ұлыбритания және Америка Құрама Штаттардың халықаралық сарапшылары дәріс береді. Орталық қолдауымен дайындалған оқу материалдары қазақстандық мамандардың нақты сұраныстарын қанағаттандыру үшін әзірленген және ақшаның жылыстауы мен лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күреске байланысты тексерудің озық әдістерін қамтиды.
«Біздің орталығымыз Қазақстанның құқықтық және институционалды негіздерін ары қарай арттыруда, сондай-ақ ақшаның жылыстауы мен лаңкестікті қаржыландырумен күресте тәжірибелік машықтарды дамытуда қолдау көрсетеді. Әлеуетті арттыру және халықаралық қызметтестік ұйымдасқан қылмыспен және оған байланысты даму мен қауіпсіздікке төнетін қатерлерімен күрес және тосқауыл қоюдың пәрменді құралы болып табылады», - деді ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер.
«Бүгінгі семинар халықаралық тәжірибе тұрғысынан ақшаның жылыстауы мен лаңкестікті қаржыландырумен күреске қатысты көптеген маңызды мәселелерді қозғайды, және бұл қаржылық полиция мен басқа да қазақстандық құқық қорғау органдарының өкілдерінің күнделікті жұмысына оң әсерін тигізері сөзсіз», - деді Қаржылық полиция академиясының басшысы Рустам Ибрагимов.
Тренинг Орталықтың ұлттық және халықаралық әріптестерімен қызметтестікте ұйымдастырған, Қазақстан республикасының басқару сапасын арттыруға бағытталған шаралар сериясының бір бөлігі болып табылады.