ЕҚЫҰ орталығы Қазақстан аймақтарында халықтың осал топтары арасында адам саудасына жол бермеуге ықпал етеді
ҚАРАҒАНДЫ, 15 наурыз 2012 ж. – Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы кәсіби мектептер мен интернаттардың және жетім балалар үйінің қызметкерлеріне арналған аймақтық семинар-тренингтер сериясын жүргізуге кірісті.
ҚР Білім және ғылым министрлігімен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырған, жоспарланған 8 екі күндік семинарлардың біріншісі бүгін Қарағанды қаласында (Орталық Қазақстан) басталды. Қалған семинарлар Қостанай және Павлодар (Солтүстік Қазақстан), Қызылорда және Шымкент (Оңтүстік Қазақстан) және Ақтау, Атырау және Орал (Батыс Қазақстан) қалаларында өткізіледі.
Семинарға кейінгі үш ай аралығында 200 жуық мемлекеттік қызметкерлер қатыспақшы. Әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, ұстаздар мен құқық қорғау органдарының өкілдері интерактивті презентациялар мен тәжірибелік дәрістер арқылы аса осал топтар – балалар арасында адам саудасының тәуекелін қалай төмендетуге болатынын және қаталдықпен қатынас жасаудың ықтимал жағдайларын қалай білуге болатыны жөнінде білімдерін толықтырады. Қатысушылар сонымен қатар адам саудасынан жапа шеккендерге құқықтық көмек көрсету, қалпына келтіру және интеграция бойынша қызметтерді көрсету жолдарын талқылайды.
«Дағдарысты жағдайларды анықтауда және оларды реттеу бойынша тиісті шараларды қабылдауда әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және құқық қорғау қызметі саласының қызметкерлерінің білімін арттыру және әлеуетін күшейту маңызды рөл атқарады», - деп атап өтті өз сөзінде Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының Басшысы, Елші Наталия Зарудная. «Бұл семинарлар жергілікті билік органдарының адам саудасы проблемасына қатысты хабардарлығын арттыруға ғана емес, сонымен қатар барлық қатысты тараптардың адам саудасымен күрес бойынша қолға алған шаралардың жоғары тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында өзара әрекеттесуін күшейтуге бағытталған».
«Біз мұндай семинарлардың халықтың осал топтарымен жұмыс жасайтын кәсіби мамандардың адам саудасы тәуекелдері туралы хабардарлығын арттыруға септігін тигізетініне сеніміміз мол», - деді Қарағанды облысы бойынша балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің өкілі, Лия Ливицкая.
«Феникс» ҮЕҰ Директоры әрі семинардағы тренер Нәзигүл Ахметқалиева аталған пікірді былай деп толықтырды: «Алдын алу бойынша пәрменді стратегиялар мүмкіндіктері шектеулі балаларға және мекемелердегі балаларға бағытталуы тиіс. Осылайша, осы мекемелерде жұмыс жасайтын қызметкерлерге бағытталған арнайы тренингтерді өткізу тәуекел санатындағы балалар мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейтуге және қорғауға, әрі адам саудасы жағдайына тап болу тәуекелін төмендетуге ықпал етеді».
Аталмыш семинар 2011 жылы Талдықорған, Өскемен және Көкшетауда жүргізілген семинарлар сериясының жалғасы іспеттес. Бұл шара Орталықтың адам саудасымен күрес және алдын алуда Қазақстанға жағдай жасау жөніндегі қызметінің бір бөлігі болып табылады.