Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы судьялар үшін адам саудасына қарсы әрекет ету жөнінде тренинг өткізеді
АСТАНА, 22 ақпан 2012 ж. – Бүгін Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының қолдауымен судьяларға арналған адам саудасымен байланысты қылмыстық істер бойынша сот практикасын жақсарту жөнінде оқу семинары басталды.
«Адам саудасына қарсы әрекет ету саласында тәжірибемен және ұлттық практикамен алмасу осы санаттағы қылмыстық істерді қарастыруды жақсарту үшін қажет, - деп атап өтті семинар қатысушыларын қарсы алғанда Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының Адам құқықтары жөніндегі кеңесшісі Штефан Бухмайер. - ЕҚЫҰ Орталығы Жоғарғы соттың, мемлекеттік органдардың, өкіметтік емес ұйымдардың сот практикасын реформалауға бағытталған бастамаларына бұдан былай да қолдау көрсетуге дайын».
Семинар барысында Жоғарғы сот судьялары мен өкіметтік емес ұйым өкілдері Қазақстан Республикасының аудандық соттарынан келген 30 судьямен және мемлекеттік қызметкерлермен тәжірибе бөліседі. Семинар шеңберінде адам саудасы жөніндегі қылмыстық істерді қарастырудың сәтті сот практикасының мысалдары, сотта осындай істерді қарастыру қиындықтары, қылмыстарды жіктеу мәселелері, сондай-ақ құқық қорғау және сот практикасында адам саудасымен күресу жөніндегі халықаралық құқықтық құралдарды интеграциялау мәселелері талқыланады.
Мұрат Бейбітов, Мемлекеттік басқару академиясының Әділ сот институтының директоры: «Ұлттық сот практикасын ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру мақсатында судьялардың кәсіби дағдыларын жақсарту керек», - деп ерекше атап өтті.
Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы Мемлекеттік басқару академиясымен, Жоғарғы сотпен, АҚШ Қазақстандағы Елшілігімен бірге ұйымдастырған екі күндік семинар Орталық 2012 жылға жоспарлаған осындай семинарлар сериясының алғашқысы болып табылады. Осы іс-шара – адам саудасы құрбандарына қатысты қорғау шараларын күшейтуге және адам саудасына қарсы әрекет ету ұлттық заңнамасын жақсартуға бағытталған Орталықтың көп жылдық жігерінің бір бөлігі.