Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы прокурорлар үшін медиация мәселелері жөнінде онлайн бейнесеминарды өткізуде
АСТАНА, 11 қазан 2011 – Бүгін Астанада аймақтық прокурорлар үшін медиация саласындағы халықаралық стандарттар мен ұлттық тәжірибеге арналған онлайн бейнесеминар өтті.
Қазақстанның барлық аймақтарынан қатысқан прокурорларға арналған бір күндік қашықтықтан оқыту курсын Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы мен Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы жанындағы Прокуратура органдары кадрларының біліктілігін арттыру институты бірлесе ұйымдастырды. Семинар тақырыбы прокурорлардың «Медиация туралы» заңды іске асыру барысында прокурорлық қадағалауды жүзеге асырудағы жиі кездесетін проблемалық мәселелеріне арналған.
Ресей Федерациясының, Германияның және Қазақстанның сарапшылары медиация саласындағы осы күнгі халықаралық және ұлттық стандарттарға шолу жасап, интерактивті режимде халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін прокурорлық қадағалауды қалайша жүргізу керектігін талқылады.
«Біз азаматтардың құқығын қорғау және шиеленістің алдын алу мақсатында, соттан тыс құралдарды сот жүйесінің кең көлемдегі реформасы ретінде күшейтудегі Қазақстанның жасаған қадамдарын құптаймыз», - деп атап өтті өз сөзінде Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының Басшысы, Елші Александр Кельчевский. «Медиацияның қылмыстық әділсотта болсын, не коммерциялық салада болсын, тараптар арасында келісімге қол жеткізуде және ықтимал әлеуметтік толқулардың алдын алуда маңызы зор».
Қазақстан Республикасының Бас прокурорының орынбасары Асқар Секішев былай деді: «Прокурорлар медиация үдерісінің өзіне араласпай, өз қызметі арқылы медиация институтын қалың бұқараға кеңінен танымал етуі қажет, бұл жалпы алғанда медиация институтын дауларды соттан тыс шешудің пәрменді шарасы ретінде дамытуға себепші болады. Бұл семинар осыған ықпал етпек».
Аталмыш семинар адам құқығын қорғау және ЕҚЫҰ міндеттемелері аясында прокурорлардың білімі мен кәсіби машықтарын арттыруға бағытталған ЕҚЫҰ Орталығының Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы жанындағы Біліктілікті арттыру институтымен ұзақ мерзімді біргеістестігінің бір бөлігі болып табылады.