ЕҚЫҰ Қазақстандағы адам құқығын қорғау механизмдері жөніндегі диалогты ілгерілетуде
ҚАРАҒАНДЫ, Қазақстан, 22 қыркүйек 2011 ж.– Бүгін Қарағандыда ЕҚЫҰ қолдауымен Омбудсмен, мемлекеттік мекемелер және азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы мәселе талқыланды.
Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы мен Қазақстандағы Омбудсмен институты бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстел хабардарлықты арттыруға бағытталған бірқатар өңірлік іс-шаралардың ретін ашты. 40-тан астам қатысушылар, олардың ішінде орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті муниципалдық биліктің, сондай-ақ Астана, Павлодар және Қарағанды қалаларынан келген халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері өңірлік деңгейдегі біргеістестік мүмкіндіктерін айқындау үшін кездесті.
Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі Уәкіл кеңсесінің басшысы Вячеслав Калюжный: «Уәкілдің өңірлік өкілдіктері болмауын ескере отырып, біз жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізуді маңызды санаймыз. Біз бүгінгідей басқосу секілді іс-шаралар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізу арқылы құқықтық ағарту және білім беру аясында өңірлік әкімшілікпен ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз»,- деді.
Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы Басшысының орынбасары Жаннет Клетцер: «Қазақстандағы Омбудсмен институты адам құқығы мен негізгі бостандықтарына қатысты ЕҚЫҰ міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы елордада және өңірлерде мемлекеттік билік органдары, демократиялық институттар мен азаматтық қоғам арасындағы диалог пен өзара әрекеттестігін қолдайды»,- деп қосты.
Қатысушылар сондай-ақ лауазымды тұлғалар мен үкіметтік емес ұйымдар тобының осыдан бір күн бұрын Омбудсмен Институты қызметкерлерінің басшылық етуімен Қарағанды қаласының мүгедек балаларға арналған балалар үйі, жүйке аурулар диспансері және сотқа дейін қамауда ұстайтын тергеу изоляторы сияқты бірқатар әлеуметтік жабық түрдегі мекемелерге барып қайту нәтижелерін талдады. Олар Қазақстан өңірлерінде адам құқығы мәселелерін шешу үшін Омбудсмен институтының орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдары мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе күш салуын және өзара іс-қимылдарын біріктіру қажеттігін атап өтті.
Дөңгелек үстел Қазақстан, Дания және Германия үкіметтерінің қолдауымен жүзеге асырылған «Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі ұлттық Уәкілді (Омбудсменді) қолдау» жобасының бір бөлігі болып табылады.