Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы Қазақстандағы адам саудасын алдын алу мәселесіне арналған семинар ұйымдастыруда
Талдықорған, 18 тамыз 2011 ж. – Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы кәсіби мектептер мен жетім балаларға арналған мектептердің жұмыскерлеріне арналған адам саудасын алдын алу мәселесіне арналған бірқатар аймақтық семинар-тренингтер өткізе бастады.
Екі күндік үш семинардың алғашқысы Қазақстанның оңтүстігінде Талдықорған қаласында басталды. Қалған семинарлар Қазақстанның солтүстігінде Көкшетау қаласында және Шығыс Қазақстанда Өскемен қаласында өткізілетін болады.
Семинарға жүзге жуық әлеуметтік жұмыскер, психологтар, мұғалімдер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысады деп күтілуде. Ұйымдастырылып отырған бұл семинар жетім балалардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту арқылы, сондай-ақ кәсіби жұмыскерлер мен мамандарға баланы қатал ұстау жағдайларын анықтауға жәрдемдесу арқылы адам саудасы қаупін қалай азайтуға болатындығы жөнінде қажетті білім алуға мүмкіншілік беретін болады.
«Әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және құқық қорғау қызметі салаларындағы жоғары білікті қызметкерлер дағдарысты жағдайларды анықтауда және оларды реттеу үшін тиісті шараны қолға алу ісінде маңызды рөл атқарады», – деді өз сөзінде Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының адам құқықтары мен заң үстемдігі бойынша бағдарламалар жөніндегі кеңесшісі Штефан Бухмайер.
«Мұндай семинарлар жергілікті билік органдарының адам саудасы мәселесі жөнінде хабарын арттырып, адам саудасымен күресте қолға алынатын іс-шаралардың жоғары тиімділігін қамтамасыз ету үшін бұл іске жұмылдырылған барлық тараптар арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтеді», – деп қосты ол.
Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы бұл семинарларды «Феминистік лига», «Дағдарыс орталықтарының одағы» мен «Феникс» үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.