ЕҚЫҰ Қазақстанда адам саудасына қарсы әрекет ету бойынша судьялардың оқытылуын қолдайды
2017 ж. 1 наурызда Астана қаласында адам саудасымен күрес жүргізу жөнінде заңнамалық негіз бен сот практикасы бойынша жоспарланған бір күндік алты оқыту семинарының біріншісі басталды.
Семинарға Қазақстанның 14 облысынан келген 35-ке жуық жоғары лауазымды судья қатысты. Іс-шара ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисімен Сот төрелігі академиясы, Жоғарғы сот және Америка Құрама штаттарының Қазақстандағы елшілігімен ынтымақтастықта ұйымдастырылды. Семинар барысында ұлттық және халықаралық сарапшылар адам саудасының құрбандарына көрсетілетін сот қорғанысын жетілдіру мақсатындағы ұлттық заңнама мен халықаралық құқықтық құралдардың қолданылу тәсілдерін туралы баяндады.
Қатысушылар адам саудасы жөніндегі істер бойынша сотта дәлелдемелер ұсынудың проблемалы мәселелерін қарастырып, адам саудасы құрбандарын сәйкестендіру үшін сот тәжірибесі мен беталыстарды, сондай-ақ адам саудасы құрбандарын қайта бағыттаудың халықаралық механизмдерін талқылады. Сонымен қатар адам саудасы бойынша істерге қатысты жаңа қылмыстық және әкімшілік кодекстерге енгізілген өзгертулерге ерекше назар аударылды. Бұдан басқа құқық қорғау, сот органдары мен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдары талқыға салынды.
Шара ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қабылдаушы елге адам саудасымен күресу жолында және ЕҚЫҰ адам саудасымен күресу жолындағы іс-қимылдар Жоспарын жүзеге асыруға қолдау көрсету бойынша атқарылып келе жатқан жұмыстарының бір бөлігі болып табылады.