ЕҚЫҰ Қазақстанда Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімін енгізу бойынша дөңгелек үстелді қолдауда
АСТАНА, 2016ж. 14 шілде – Бүгін Астанада Қазақстанда Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімін енгізу (ЛШТТ) мәселесі Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Энергетика министрлігі Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ақпараттық-талдау орталығымен және Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесе ұйымдастырылған дөңгелек үстелдің басты назарында болды.
Орхус орталықтары, биліктің өңірлік және орталық органдары, экологиялық үкіметтік емес ұйымдар және жеке сектордың 80 жуық өкілдері ұлттық табиғатты қорғау заңнамасының соңғы өзгерістері, ЛШТТ іске асыру кезіндегі басшылыққа алынатын ережелер, өңірлерде ЛШТТ ілгерілетудегі халықаралық озық тәжірибе және Орхус орталықтарының рөлі сияқты мәселелерге баса назар аударды.
«Қоршаған орта жағдайы нашарлануының зардаптары барлық тіршілік әрекетке әсер ететінін назарға ала отырып, ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының мемлекеттік тіркелімін құру маңызды орынға ие. Қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму саласындағы барлық мүдделі тараптармен ынтымақтастық қажеттілігі және туындайтын мәселелерді шешуде іс-әрекеттерімізді үйлестірудің маңызын атап өтеміз», - деп баяндады Зұлфухар Жолдасов, ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитеті Төрағасының орынбасары.
«ЛШТТ енгізу экологиялық және қоғамдық қауіптерді едәуір азайтуға алып келуі, мүдделі тараптар арасындағы сындарлы диалогқа үлес қосуы, және де мүдделер теңгерімі мен азаматтардың экологиялық құқықтарын қорғауға жеткізуі мүмкін», - деп түйіндеді Мирко Гюнтер, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Басшысының орынбасары. «Осыған орай біздің Офис Қазақстанның Орхус конвенциясы бойынша өзінің барлық міндеттемелерін толыққанды орындау бойынша мақсатына қолдау көрсетуге дайын».
ЛШТТ Хаттамасы 2003 жылы Киевте, Украинада қабылданды, сондай-ақ ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдары туралы ақпаратты қамтитын жалпыға қолжетімді тіркелімді бекітуді тараптардан талап ететін міндетті құқықтық құжат болып табылады.
Іс-шара Қазақстанда Орхус конвенциясының халықаралық стандарттарын ілгерілетуге бағытталған Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады.