ЕҚЫҰ Қазақстандағы су және жер ресурстарын басқару жөніндегі жазғы мектепке қолдау көрсетуде
Орталық Азиядағы су және жер ресурстарын бағалау және мониторинг жүргізудегі әдістер мен құралдар бойынша ЕҚЫҰ қолдауындағы жазғы мектеп сессиясы 2016 жылғы 17 маусымда Алматы қ., Қазақстан, өз жұмысын аяқтады.
Екі апталық бағдарлама Қазақстан-Неміс Университетімен Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисімен ынтымақтастықта үш жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Біріктірілген су және жер ресурстарын басқару және оны тәжірибелік іске асыру үшін гео-ғылыми құралдар саласындағы білімді нығайту мақсатында іс-шараға 24 магистратура және докторантура студенттері, сондай-ақ университеттің кіші оқытушылары мен Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекістан және Ауғанстаннан келген зерттеушілер қатысты.
Сессия теориялық дәрістер және тәжірибелік сабақтар үйлескен дөңгелек үстел нысанында өткізіліп, оның барысында су және жер ресурстарын басқарудағы жаңа әдістер мен құралдарды енгізу мәселелері талқыланды.
Оқытушылар географиялық ақпараттық жүйелерді, веб-картографияны қолдану, қашықтықтан зондтау, мұздықтарды мониторингтеу, климаттың өзгеруі және су шығынын өлшеу туралы мағлұматтарды талдау бойынша ең үздік тәжірибе мен тәжірибелік сабақтарды ұсынды.
Өз кезегінде, Бағдарламалар офисі су ресурстарын басқару саласындағы ЕҚЫҰ басымдықтары мен қызметімен бөлісті және су ресурстарын трансшекаралық басқару тұрғысынан шиеленістерді алдын алу және оларды шешу тақырыбында тәжірибелік сабақ өткізді. Сабақ барысында қатысушылар халықаралық стандарттар және міндетті құқықтық құралдарды қолдану арқылы трансшекаралық су мәселесі жөніндегі дауларды реттеу тәсілдерін айқындады.
Аталған іс-шара су ресурстарын басқару саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған және су дипломатиясы тұжырымдамаларын ілгерілету маңыздылығын атап көрсететін ЕҚЫҰ-ның экономикалық және экологиялық өлшеміндегі стратегиялық құжаты бойынша 2003 жылғы Маастрихт қаласындағы Министрлік кездесуі шешіміне сәйкес өткізілуде.