ЕҚЫҰ Арал теңізі өңірінің қазақстандық бөлігінде тұрақты балық аулау қағидаттарын дамытуда
ҚЫЗЫЛОРДА, Қазақстан, 26 сәуір 2016 ж. – Бүгін Қызылордада ЕҚЫҰ қолдауымен Арал теңізінің қазақстандық бөлігінде тұрақты балық аулауды дамыту бойынша 30-ға жуық балық шаруашылығы, орталық және жергілікті су шаруашылықтар органдары, Арал-Сырдария су алабы кеңесі, үкіметтік емес ұйымдар мен ғылыми мекемелер қызметкерлеріне арналған оқу семинары басталды.
Екі күндік іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстандағы Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) Атқарушы дирекциясымен, Қызылорда облысының әкімдігімен және Арал-Сырдария су алабы кеңесімен тығыз ынтымақтастықта ұйымдастырды. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау және жасыл экономиканың дамуы тұрғысынан өңірде жаңа балық шаруашылықтарын құру басымдықтарын талқылайды.
“Балық шаруашылықтарын басқаруда жергілікті халықтың әлеуетін күшейту Арал теңізі өңірінде экологиялық апатты алдын алудың маңызды шараларының бірі болып табылады”, - деді Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Экономика және экология бөлімінің меңгерушісі Рати Джапаридзе. “Арал теңізінің өңірі билік өкілдері, ғалымдар, сарапшылар, инвесторлар мен жергілікті бизнесмендердің үйлесімді жұмысы арқылы балықты коммерциялық өсіру саласындағы жетістіктің мысалы бола алатынына сенімдіміз”.
Семинар Арал теңізінің қазақстандық бөлігінде аквадақылдарды өсіру жөніндегі отандық үздік тәжірибе мен технологияларды қарастыру және талқылау үшін құнды тұғырнама ұсынды.
Қызылорда облысының Табиғи ресурстарды басқару және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжанов: «Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық таза дамуы үшін балық аулауды тұрақты дамытуды қалыптастырудың мәні зор. Соңғы жылдары балық аулау көлемінің көбеюіне қарамастан, көптеген су айдындарының әлеуеті толық пайдаланылмайды. Сондықтан біз бүгінгі семинар әсіресе балықты тауарлы өсіру саласында өңір балықшылары үшін аса маңызды деп есептейміз», - деп атап өтті.
Оқыту семинарының екінші күні Қызылорда тоған шаруашылығына барумен толықтырылады. Онда қатысушылардың өткен жылы басталған балық шаруашылығын дамыту жөніндегі ілкі жоба бойынша қол жеткізілген нәтижелер мен тәжірибемен танысу мүмкіндігі болады.
Оқыту семинары ХАҚҚ қазақстандық филиалы мен ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі арасындағы суды тиімді пайдалану және Арал теңізінің солтүстік бөлігінде әлсіз экожүйелерді қорғау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумның бөлігі болып табылады. Іс-шара Арал теңізі өңіріндегі тұрақты балық шаруашылықтарын дамыту арқылы «жасыл» өсу мен аквадақылдар саласында бұрын іске асырылған жобаларды жалғастыруда.