Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі құқық қорғау органдары және ғылыми мекемелер қызметкерлерін жобаларды басқару жауапкершілігі мен ашықтығы бойынша оқытуда
АСТАНА, 18 сәуір 2016 ж. – Бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен жобаларды жауапты басқару мәселелері бойынша 30-ға жуық құқық қорғау органдарының және ғылыми мекемелердің қызметкерлеріне арналған үш күндік оқу семинары басталды.
Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлігі, Бас прокуратура және ғылыми-білім беру мекемелердің өкілдері жобаларды басқарудың негізгі құрамдас бөліктерін, сондай-ақ операциялық үдерістерді жетілдіру, жобаларды іске асыруда бақылауды жүзеге асыру әрі белгіленген мерзім және қаражат шеңберінде нәтижелерге уақытында жетуді қамтамасыз етуді үйренеді.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесіп ұйымдастырды. ЕҚЫҰ қолдауындағы сарапшы оқыту семинарын қызмет бабын теріс пайдалану, сыбайлас жемқорлықты немесе қаражатты ысырап қылуды алдын алу мақсатында жобаларды басқару және іске асыру бойынша кәсіби білім мен дағдыларды дамыту жөнінде өткізеді.
«Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік мекемелердің әрекетсіздігі мен үкіметтің нәтижесіздігі арқасында көркеюде. Бұл халыққа қосымша ауыртпалық жүктеп, кедейшілік мәселесін тереңдетеді және негізгі әлеуметтік қызметтерге жұмылдыруға болатын қаражатты аударып әкету нәтижесінде әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді», - деді Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Колин Маккалоу. «ЕҚЫҰ сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мәселелеріне үлкен мән береді, себебі оны алдын алу ел ішінде ғана емес, жалпы өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етеді».
Жақып Асанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары, зорлық және қаржы қылмыстардың құрбандарына сот әділдігін қамтамасыз ету үшін үкімет тарапынан қосымша жүзеге асыруға болатын нақты жағдайлар жөнінде баяндады. Сондай-ақ, ол тыңдаушылар арасындағы басшыларды топқа мақсат қоюға және олардың жұмысына септігін тигізетін анық нұсқаулар беруге шақырды.
Аталған іс-шара ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қабылдаушы елде тиісті басқару және сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы ұзақ мерзімді қызметінің жалғасы болып табылады.