ЕҚЫҰ Қазақстанның сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең жақсы практикалары жөнінде тренингті бірлесіп өткізуде
АСТАНА, 24 ақпан 2016 ж. – Бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен 30 судья мен Қазақстан өңірлерінің облыстық соттар өкілдері үшін сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөнінде тренинг өтті.
Тренингті Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі Мемлекеттік басқару академиясының Сот әділдігі институтымен ынтымақтастықта ұйымдастырып, ол сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді құралдар мәселелері жөніндегі судьяларға арналған үш тренинг сериясының біріншісі болып табылады.
Тренингтің негізгі мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қазақстанның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңының ережелеріне көңіл аудара отырып, сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы ең жақсы ұлттық және халықаралық практикаларды ілгері жылжыту, сот әділдігіне ашығырақ қол жеткізу және сот әділдігін қамтамасыз етуге арналған алдын алу тетіктерін құру болды. Сондай-ақ, талқылау судьялар мәртебесі саласындағы заңнаманың даму келешегін және сыбайлас жемқорлық жағдайларын барынша азайту мақсатында тәуекелдерді анықтауды қозғады.
«Сыбайлас жемқорлықпен күресте соттар маңызды рөл ойнайды», - деді өзінің сөйлеген сөзінде Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі басшысының міндетін атқарушы Мирко Гюнтер. «ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі тиісті басқару саласында ең жақсы практикаларды жылжыту үшін үкіметтегі және азаматтық сектордағы әріптестермен көп жыл бойы тығыз жұмыс істеп келеді, сондай-ақ ЕҚЫҰ қағидаттары мен міндеттемелеріне сәйкес 2015 жылы Парламент қабылдаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі ережелері бойынша сараптамалық қолдау көрсетті».
«Қазақстан БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялады және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Стамбул іс-қимыл жоспарына мүше болып табылады. 2016 жылы елде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң күшіне енді. Осындай, бүгінгі сияқты іс-шараларды өткізу сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес және алдын алу жөніндегі жұмысқа белгілі үлес қосады», - деп атап өтті өзінің сөйлеген сөзінде Мемлекеттік басқару академиясы Сот әділдігі институтының директоры Мұрат Бейбітов.
Іс-шара сыбайлас жемқорлықпен күрес және құқықтың үстемдігін ілгері жылжыту саласында қабылдаушы елге көмек көрсету жөніндегі Офистің ұзақ мерзімді күш салуының бөлігі болып табылады.