ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі «Жасыл көпір» аймақтық серіктестік бағдарламасын қолдауда
АСТАНА, 13 қараша 2015 жыл – Бүгін Астана қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен «жасыл» экономика саласында озық тәжірибе мен инновациялар алмасатын платформаны ілгері дамыту жолындағы Жасыл көпір Серіктестік бағдарламасы (ЖКСБ) мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті.
Іс-шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің және БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Энергетика министрлігі мен G-Global жасыл экономика және даму коалициясымен ұйымдастырылды. Шараға 150-ден астам депутат, мемлекеттік қызметші, ғылыми және академиялық орта өкілі, кәсіпкер, үкіметтік емес ұйым белсендіcі, Армения, Эстония, Грузия, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Түркия елдерінен келген қатысушы, сондай-ақ Азия Даму Банкінің, Еуропалық Комиссияның, Еуропаның қайта құру және даму банкінің, Дүниежүзілік банктің өкілі қатысты.
Іс-шара барысында энергетикалық қауіпсіздік саласындағы технологиялар алмасуды, тұрақты даму үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер қамтамасыз етуді және «жасыл» технологияға өту және қолдану арқылы елдердің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектесетін ЖКСБ енгізу жолындағы сұрақтарына бағытталған тақырыптар бойынша пікірталастар өтті. Сонымен қатар, қатысушылар климаттық өзгерістің ықпалын азайтуға арналған халықаралық серктестіктің бөлігі ретінде «жасыл» экономикаға өту жолындағы үздік тәжірибелермен алмасты.
Жүргізілген талқылаулардың нәтижесінде тұрақты энергетикалық шешімдерді алға жылжыту үшін және энергетикалық қауіпсіздік пен климаттың өзгеруі мәселелері жөнінде өзара қарым-қатынас орнатуда мәлімет алуды арттыру үшін энергетика секторын тиімді басқару және ондағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ЖКСБ тиімдірек іске асырылуы бойынша ұсынымдар әзірленді. 14 қарашада инновациялық мүмкіндіктер ұсынылатын «Жасыл көпір» атты бірінші жастар форумы өткізіледі.
«ЕҚЫҰ-ның Астанадағы миссиясы тұрақты өндіріс пен тұтыну мақсатында, энергетика секторындағы ноу-хау мен технологияларды алға жетелейтін аймақтық бағдарлама болып саналатын «Жасыл көпірдің» дамуына 2010 жылдан бері жан-жақты қолдау көрсетіп келеді», - деді ЕҚЫҰ Астанадағы бағдарламалар офисінің басшысы Наталия Зарудна. «Мұндай бастама тек қана энергетикалық тиімділікті арттырып, қалыпқа келтірілетін энергия көздерін кеңінен пайдаланып, қалдықтарды азайтуға арналып қоймай, аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге үлес қосуға бағытталған».
«Бүгінгі конференцияның мақсаты – «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының жоғары саяси статусы негізінде жаңа жаһандық жобаларды іске асыру үшін серіктестердің күшін жұмылдыру болып табылады», - деп атап өтті Қазақстан Республикасының энергетика министрі Владимир Школьник. «Конференцияның қорытынды құжаттарының мазмұнында БҰҰ-ның климаттық өзгерістерге байланысты Парижде өтетін кездесуінде қабылданатын климаттық келісімге ұқсас «Жасыл көпір» бағдарламасын алға жетелейтін міндеттемелер болуы қажет».
ЖКСБ - «жасыл» экономика мен «жасыл» дамуды алға жетелеу жолында халықаралық серіктестікті орнату мақсатында Қазақстанның бастамасымен 2010 жылы құрылды. Бұл Бағдарлама Азия және Тынық мұхиты елдерінің экологиясы және дамуына байланысты министрлердің алтыншы Конференциясында қолдау тауып, 2012 жылы ЖКСБ Бразилияда өткен Тұрақты даму жөніндегі Дүниежүзілік Саммитте қабылданды. Қазіргі таңда, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының Хартиясына 14 ел мен 12 үкіметтік емес ұйым қол қойды.
Іс-шара қабылдаушы елдегі қалыпқа келтірілетін энергия көздері мен «жасыл» даму саясатын дамытуға бағытталған ЕҚЫҰ-ның бағдарламалар офисі қызметінің бір бөлігі болып табылады.