ЕҚЫҰ гендерлік теңдікке қол жеткізу мәселелері бойынша Қазақстандағы жергілікті билік өкілдерін оқытуда
АҚТАУ, Қазақстан, 2 қазан 2015 жыл - Бүгін Ақтау қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен өткізілген оқыту семинарының тақырыбы саясат пен жергілікті басқаруда гендерлік теңдікке қол жеткізу қағидаларын қолдану, сондай-ақ ауылдар мен шағын қалаларда тиісті басқару, ашықтық пен есептілік қағидаларын алға қою болды.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі, Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Маңғыстау облысының әкімшілігі ұйымдастырды.
Семинарға шағын қалалар мен ауылдардың 40-тан астам әкімі, сондай-ақ аймақтық өкілдік билік органдары - мәслихаттардың депутаттары қатысты. Қатысушылар жергілікті сарапшылардың көмегімен гендерлік мәселелер төңірегіндегі тақырыптардан, оның ішінде, бюджетті әзірлеу кезіндегі гендерлік мәселелер жиынтығы және гендерлік теңдікті алға қоюда салыстырмалы жаңа салалар түрінде ықшамдалған статистикалық деректерді қолдану сияқты сұрақтардан хабардар болды. Алдағы сайлауларды ескере отырып, олар сайлауларды өткізу стратегиясына байланысты әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін, сайлау компаниясын өткізудің сәтті техникаларын, соның ішінде басым түрде әлеуметтік желілер негізінде жүзеге асатын ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы сайлаушылар тобымен байланыс орнату мәселелерін талқылады. Көшбасшы әйелдерге деген қоғамдық сенімді нығайту және олардың беделін арттыру тәсілдерін анықтауға ерекше назар аударылды.
Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко өз сөзінде: «Біз, қоғамдық шешімдер қабылдау саласында қызмет жасайтын әйелдердің саны неғұрлым көп болса, мұндай шешімдер сапасының соғұрлым жоғары болатынын ескеріп, осы мақсатта аймақтарда атқарылатын жұмыстарды күшейтуіміз қажет», - деді. Сонымен қатар ол: «Гендерлік тепе-теңдік саласындағы бірқатар негізгі сұрақтар қарастырылатын осыған ұқсас семинарларда біздің комиссия үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың жұмысына жіті көңіл бөледі», - деп айтты.
«ЕҚЫҰ өзінің басты құжаттарында демократияны, әл-ауқаттылық пен әлеуметтік әділеттілікті растау үшін, әйелдердің азамат, қоғамдық тұлға, экономикалық кәсіпорындардың жетекшілері және саяси көшбасшылар түрінде қоғам өміріне тең құқылы қатысуының маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті», - деп айтты Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы, елші Наталия Зарудна.
Бұл іс-шара ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді жұмысы шеңберінде гендерлік теңдікті алға қою мақсатындағы іс-қимылдар жоспарын орындауда Қазақстанға қолдау көрсетуге бағытталған ЕҚЫҰ қолдауымен өткізілетін 4 оқыту семинары сериясының ішіндегі екіншісі болып табылады.
Сонымен қатар, миссия басшысы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасарымен бірге Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевпен кездесіп, барлық үш бағыт бойынша ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты жақсарту жолдарын талқылады. Сонымен бірге ол Каспий технологиялар және инжиниринг мемлекеттік университетінде болып, Маңғыстау облысының Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясымен кездесуге қатысты.