ЕҚЫҰ Қазақстанда ақпаратқа қол жеткізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізуге қатысты жоғары деңгейдегі талқылауды қолдауда
АСТАНА, 25 қыркүйек 2015 ж. - Ақпаратқа қол жеткізу, мемлекеттік мекемелер жанындағы қоғамдық кеңестер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу туралы ұлттық заңнаманы дамыту жөніндегі халықаралық конференция ЕҚЫҰ қолдауымен Астанада өтті.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі, Нұр Отан партиясының жанындағы Құқықтық кеңес, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформасы комитеті және «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» үкіметтік емес ұйымы бірлесіп, Ұлыбритания елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.
100-ге жуық жоғары лауазымды билік өкілдері, парламент депутаттары, азаматтық қоғам өкілдері, ұлттық және халықаралық құқықтық сарапшылар, сондай-ақ журналистер үкіметтің есеп беруге міндеттілігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған заңдар мәтінін, әрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы арналған заңнама пакетіне ұсынылатын түзетулерді қарастырды. Талқылауға салынған үш заңдарды қабылдау Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформалар шеңберіндегі «100 нақты қадам» бағдарламасына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық стратегияны жүзеге асырудың маңызды элементі болып табылады.
Нұрлан Әбдіров, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты және Нұр Отан партиясының жанындағы Құқықтық кеңестің басшысы: «Орталық және өңірлік билік органдарының ашықтығын қамтамасыз ететін жаңа тетіктер мен рәсімдерді енгізу, қоғамдық кеңестер құру және мемлекеттік қызметті ұйымдастыруға арналған жан-жақты инновациялық тәсілдер үкіметтің тиімділігін, оның шешімдері туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады», - деді.
Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң жобасын әзірлеудің әр кезеңдерін қамтитын, ЕҚЫҰ Ирландиялық сарапшысы, профессор Мэв МакДонах дайындаған құқықтық тұжырым іс-шарада ұсынылып, талқылауға салынды. Профессор МакДонах: «Ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық стандарттарға және адам құқықтарын қадағалайтын органдардың, соның ішінде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің және Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Соттың шешімдеріне сәйкес, ақпарат алу құқығы пікір білдіру бостандығы құқығын жүзеге асырудың ажырамас бөлігі болып табылады»,- деді. Ол ақпаратқа қол жеткізу заңдарының негізгі тұжырымдамасы барынша ашық жария ету қағидатына негізделген болуы тиіс деп атап өтті.
Грузия, Германия, Венгрия, Словения және Ресей Федерациясының, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) және ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) сарапшылары ұсынылған заңнамаға талдау жасады. Олар сонымен қатар ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы тиісті ұлттық заңнама мен саясатқа қатысты халықаралық озық тәжірибелермен бөлісті.
Конференция жақында Парламентке жіберілген үш заңды халықаралық стандарттарға сәйкес әзірлеуге бағытталған қоғамдық және сарапшылық талқылаулардың қатарын тәмамдауда.
Іс-шара халықаралық стандарттар мен үздік тәжірибеге сәйкес негізгі бостандықтарды ілгерілету, шешімдер қабылдауда жұртшылықтың қатысуы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды жүзеге асыруға байланысты Бағдарламалар офисінің көп жылдық күш-жігерінің құрамдас бөлігі болып табылады.