ЕҚЫҰ Қазақстандағы адам саудасынан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғауға қолдау көрсетуде
ШЫМКЕНТ, Қазақстан, 26 маусым 2015 жыл - Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шымкент қаласында өткен Қазақстанда адам саудасымен күрес саласындағы адам құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері бойынша арнайы баяндама тұсаукесеріне қатысып, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік қызмет көрсету бойынша дөңгелек үстел жұмысына қолдау көрсетті.
Арнайы баяндама Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы нәтижесінде әзірленді. Ол ЕҚЫҰ-ның осы саладағы кейбір қызметін және ЕҚЫҰ Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі мен үйлестірушісінің 2013 және 2014 жылы Қазақстанға жасаған сапарларының қорытындылары бойынша жасалған есептерінің ұсынымдарын қамтиды.
Адам саудасының құрбандарына көмек көрсетуге қатысы бар 150-ге жуық қатысушы, соның ішінде орталық және аймақтық билік органдары, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері, ғалымдар, азаматтық қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар, Халықаралық көші-қон ұйымы және ел өңірлерінен келген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері арнайы баяндаманы талқылауға салды. Қатысушылар есептiң қорытындыларына, атап айтқанда, адам саудасынан зардап шеккендерге арналған Ұлттық қайта бағыттау тетігн құруға және оларды әлеуметтік қызмет көрсетумен қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдарына қолдау білдірді.
«Үкімет пен азаматтық қоғам адам саудасы құрбандарына көмек көрсетудегі үйлестіруді күшейту үшін бірге жұмыс істеуге тиіс. Халықаралық ұйымдар мен аймақтық үкіметтік емес ұйымдардың бастамаларын құзыретті мемлекеттік органдар тарапынан дұрыс қолдауын тауып, адам саудасы құрбандары өздерінің құқықтары туралы хабардар болуы үшін азаматтық қоғамның рөлі күшейтілуі қажет», - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев деді..
«Адам саудасы адам құқықтарының өрескел бұзуы болып табылады және ол, ең алдымен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың ең ауыр түрлерінің біріне жатады. Онымен тиімді күресу үшін ұлттық және халықаралық деңгейлерде келісілген, жүйелі және үйлестірілген тәсілдің болуы қажет», - Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі басшысы, елші Наталия Зарудна деді. Ол сонымен қоса тек орталық және жергілікті билік органдары, парламент депутаттары, құқық қорғау, сот органдары, кәсіпкерлер, журналистер, азаматтық қоғам мен барлық мүдделі азаматтардың ынтымақтастығын нығайту арқылы ғана осы зұлымдықпен қарсы қиын күресте нақты табысқа қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Тұсаукесер ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі қолдауымен ведомствоаралық жұмыс тобы әзірлеген әлеуметтік қызметтер стандарттарының жобасына қатысты дөңгелек үстелмен жалғасты. 20 жуық қатысушы, соның ішінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ішкі істер министрліктерінің және олардың Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары аймақтық басқармаларының лауазымды тұлғалары үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік қызметтер көрсетудің практикалық тетіктерін талқылады.
Іс-шара қабылдаушы елдің ратификациялаған халықаралық шарттардың міндеттемелеріне сәйкес адам саудасына қарсы күресте мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғамның әлеуетін және хабардар болуын нығайту бойынша Бағдарламалар офисінің көп жылдық күш-жігерінің құрамдас бөлігі болып табылады.