ЕҚЫҰ Астанадағы конференцияда салалық заңнаманың дамуына септігін тигізуде
АСТАНА, 15 мамыр 2015 жыл - Салалық заңнама дамуының ағымдық үрдістері, қағидалары мен міндеттері бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен жыл сайынғы «Шайкенов оқулары» аясындағы өткен халықаралық конференцияның күн тәртібін құрады.
Қазақстанның қазіргі заманғы тарихындағы ең көрнекті заңтану ғалымдары мен мемлекеттік қайраткерлердің бірі Нағашбай Шәйкеновтың құрметіне және Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына арналып өткізілген іс-шараны ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі мен Әділет министрлігінің Заңнама институты бірлесіп ұйымдастырды.
90 жуық қатысушы, соның ішінде мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды тұлғалары, парламент депутаттары, ғылыми қауымдастық, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар өкілдері, қызметтегі заңгерлер, жергілікті және халықаралық құқықтық сарапшылар ұлттық заңнаманың әртүрлі салаларын реформалаудың теориялық және практикалық аспектілеріне байланысты мәселелердің кең ауқымын талқылады. Олар, сондай-ақ, Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы шеңберіндегі азаматтар құқықтарын қорғалуын назарға алған қылмыстық, әкімшілік және азаматтық сот төрелігін жаңғыртуға байланысты құқықтық реформаның дамуын қарастырды. Одан басқа Кәсіпкерлік кодексі жобасына сәйкес коммерциялық субъектілердің жауапкершілігін арттыру мен мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындаудағы еңбек құқығының рөлі секілді тақырыптар қамтылды.
Зәуреш Баймолдина, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары: «Құқық үстемдігін қамтамасыз ету мемлекеттілікті нығайту және ұлттық даму стратегияларын іске асыруға бағытталған институционалдық реформалардың ең маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл орнықты экономикалық өсу мен азаматтардың әл-ауқатының алғышарты ретінде іргелі құқықтарды заңнамалық қорғаумен, заң әзірлеу ісін жақсартумен және қолайлы инвестициялық ахуалмен байланысты», - деді.
«ЕҚЫҰ қағидаттары мен міндеттемелеріне сәйкес заңнаманың барлық салаларын теңгерімді және тиісті дамыту ісі - занның ұлықтылығын күшейту және Қазақстан Конституциясында бекітілген адам құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етудің құралы болып табылады», - деді Наталия Зарудна, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің басшысы.
Талқылау нәтижеінде қатысушылар, атап айтқанда, ақпаратқа қол жеткізу, жергілікті өзін-өзі басқару, «жасыл» экономика, Кәсіпкерлік, Азаматтық және Салық кодекстеріне байланысты заңнаманы одан әрі дамытуға , сондай-ақ әкімшілік, азаматтық және қылмыстық сот төрелігі реформаларын жалғастыруға қатысты ұсынымдар жиынтығын әзірледі.
Конференция Қазақстандағы құқықтық жүйені реформалау үдерісін қолдаудағы Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады.