ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі Алматыда алтыншы Орталық-азиялық Ғаламтор форумын бірлесіп ұйымдастыруда
АЛМАТЫ, 14 мамыр 2015 ж. – Бүгін ЕҚЫҰ қолдауымен Ғаламтор рөлі мен оны пайдаланушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар бөлетін Ғаламтор дамуы мәселелері бойынша алтыншы жыл сайынғы Орталық-азиялық форум Алматыда басталды.
Екі күндік іс-шараны ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі MediaNet халықаралық журналистика орталығымен және Конрад Аденауэр қорымен бірлесіп ұйымдастырды. Форумға Орталық Азияның барлық елдерінен, Болгария, Германия, Ресей және Украинадан келген шамамен 120 үкіметтік шенеуніктер, азаматтық қоғам, БАҚ саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіби ассоциациялардың өкілдері, сарапшылар мен журналистер қатысты. Михаэль Унланд, ЕҚЫҰ сөз бостандығы бойынша өкілі офисінің аға кеңесшісі бұқаралық ақпарат құралдары еркіндігі мен ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша баяндама жасады.
Қатысушылар ақпараттық қауіпсіздік пен кибер қауіпсіздік мәселелерін, Ғаламтордың ақпараттық соғыстарға платформа ретінде алатын орнын, виртуалды кеңістіктегі балалардың қауіпсіздігін және Ғаламторды лаңкестік мақсаттарда қолдануды болдырмаудың жолдарын талқыға салады. Олар сонымен бірге Ғаламторды дамытудағы беталыстар мен қауіптерге ерекше көңіл бөліп, онлайн ақпараттың еркін таралуына қарсы болатын ықтимал қауіптер және Орталық Азияда Ғаламторды дамыту бойынша заңнамалық негіздер туралы көзқарастармен алмасады.
Қатысушылар сонымен бірге ақпараттың негізгі көздерінің бірі және Ғаламторда ақпараттың емін-еркін ағынына ықтимал қауіптер бойынша ой-пікір алмасу ретінде Ғаламтордың дамуындағы беталыстар мен өзекті мәселелеріне, Орталық Азиядағы бұқаралық ақпарат құралдары мен Ғаламтор бойынша заңнамалық құжаттарға ерекше көңіл бөледі.
«Бұқаралық ақпарат және коммуникативтік платформаның негізгі құралдары ретінде Ғаламтор рөлінің артуына байланысты жаңа пайда болып жатқан қауіптерге қарсы виртуалды кеңістікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекет қолдан келер барлық шараны іске асыруы қажет», - деп Наталия Зарудна, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің басшысы атап өтті. Ол 2005 жылдан бастап ЕҚЫҰ адам құқықтарын және негізгі бостандықтарын ескере отырып, дәйекті түрде Ғаламторды лаңкестік мақсаттарда пайдалануға қарсы тұруда және кибер қылмыскерлікке қарсы әрекет етуде мақсатты шаралардың іске асуын ілгері жылжытып, ықпалдастық еткенін қоса атап өтті.
Мейрам Бегентаев, Парламент депутаты: «Әлемдік торы ақпараттық қоғамдастықтың мақсаттарына сәйкес әр елдің экономикалық, мәдени және әлеуметтік дамуына үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Осы тұрғыда, кибер қауіпсіздік мемлекет басымдықтарының біріне айналады. Басқа басымдықтар телекоммуникациялық инфрақұрылымның дамуын, қоғам ауызбірлігін ілгері жылжытуда әлеуметтік желілерді кеңінен қолдануды қамтиды», - деп қосты.
Талқылаулар нәтижесінде форумның тақырыптарымен байланысты ұсыныстар дайындалып, мемлекет мекемелерінің, басқа мүдделі тараптардың және ғаламтор қоғамдастығының арасында таратылады.
Форум Қазақстан мен Орталық Азияда пікір білдіру және бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін ілгері жылжыту аясында іске асырылып отырған қызметінің бір бөлігі болып табылады.