ЕҚЫҰ Астанадағы орталығы энергия және орнықты даму мәселелеріне арналған конференцияның өткізілуіне қолдау көрсетуде
АСТАНА, 21 мамыр 2014 ж. – Бүгін VII Астана Экономикалық Форумының аясында халықаралық «EXPO-2017 – Энергияның орнықты дамудағы ролi» конференциясы өз жұмысын бастады.
Шара ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының, «EXPO Астана - 2017» ұлттық компаниясының, «жасыл» экономика мен G-Global дамуын қолдау коалициясының және Конрад Аденауэр атындағы қордың бірлесуімен ұйымдастырылып отыр.
Конференцияға 150 астам мемлекеттік қызметшілер мен парламент мүшелері, бизнес және ғылыми қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ азаматтық қоғам, халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдері, сондай-ақ танымал отандық және шетелдік сарапшылар қатыспақ. Қатысушылар энергияның орнықты дамудағы ролi, жасыл экономика, инновацияларды енгізудегі халықаралық көрмелердің насихаттау рөлі, жасыл инвестицияларды тарту және халықаралық ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты нығайтуды мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ талқы барысында, жасыл өсу принциптеріне негізделген өнеркәсіптік және инновациялық дамудағы халықаралық көрмелердің үлесі қарастырылды. Қатысушылар EXPO көрмесінің өткен тәжірибелерін, ашылған мүмкіншіліктер мен оларға байланысты тәуекелдерді қарастырды. Бастысы, «Болашақтың энергиясы» деген ұранмен өтетін Астанадағы EXPO-2017 көрмесінің ерекшеліктері, артықшылықтары және оң тұстары атап өтілді. Бұл әрине, БҰҰ «Бәріне ортақ орнықты энергетика» және «Жасыл көпір» Серіктестік бағдарламалары бастамаларының контекстінде өзекті жайт.
EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев атап өткендей: «EXPO-2017 инфрақұрылымы болашақта анағұрлым тиімді жолмен толыққанды қолдануға болатындай құрылатын болады. Астанада өтетін EXPO көрмесі – жай ғана үш айлық халықаралық көрме емес. Ол елдің болашақтағы өсіп-өркендеуіне теңдессіз үлесін қосып, ықпалдасатын болады».
«Біз EXPO-2017 ғылымның дамуына үлкен түрткі болатынына, инновациялық технологиялар мен инвестициялардың ағылуына серпін беретініне, сондай-ақ бұқараның қоршаған ортаның қауіпсіздігін нығайтудағы орнын арттыратын тетік ретінде қарастырылатынына сенімдіміз» - деді ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының басшысы, Елші Наталья Зарудная.
Бұл шара Орталықтың Қазақстанның жасыл экономикаға көшуiне қолдау көрсету мақсатында жүргізіп отырған жұмыстардың бір бөлшегі болып табылады.