Қазақстанның қылмыстық заңнамасына енгізілетін өзгертулерді талқылау ЕҚЫҰ назарында
БУРАБАЙ, Қазақстан, 1 қараша 2013 ж. – бүгін Қазақстанның солтүстігіндегі Бурабай өңірінде Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгертулер енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.
Іс-шараны ЕҚЫҰ Астанадағы орталығы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі Уәкілімен (Омбудсмен), ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформалау жөніндегі комитетімен және Халықаралық абақты реформасы ұйымының Орталық Азиядағы өкілеттігімен бірлесіп, ұйымдастырып отыр.
Дөңгелек үстелдің жұмысына 40 жуық мемлекеттік қызметші, парламент мүшелері, жергілікті және халықаралық құқық сарапшылары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Талқылау аталған үш негізгі кодекске енгізілуі тиіс түзетулердің ЕҚЫҰ ұстанымдары мен міндеттемелеріне, соныме қатар қылмыстық заңнама, Адам құқықтары және құқықтық нормалар саласындағы стандарттарға қаншалықты сай келетінін анықтауға бағытталған.
«Адам құқықтарын қорғаудағы жалпыға ортақ принциптерге негізделген тиянақты және тиімді қылмыстық заңнама кез келген қылмыстық сот әділдігі жүйесінің басты тетігі болып табылады», – деді ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының басшысы, елші Наталия Зарудная. «Ол сондай-ақ қауіптердің алдын алып, бүгінгі қоғамның өткір мәселелеріне, соның ішінде радикалды экстремизм мен сыбайлас жемқорлыққа төтеп беруге көмектеседі». Елші Зарудная ЕҚЫҰ Қазақстан Үкіметі мен азаматтық қоғам ұйымдарына қолданыстағы қылмыстық-сот реформасының жетілдіруде одан әрі де ықпалдасуға дайын екенін тағы бір мәрте атап өтті.
ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов: «Бүгін қарастырылып отырған кодекстер – қылмыстық сот өндірісі мәселелері бойынша мемлекет саясатын жүйелендірудегі негізгі құрал. Бұған дейін жүргізілген талқылау кодекстердің оң серпіліс беретінін көрсетті. Дегенмен, кейбір нормаларды тағы бір пысықтап, терең сараптауымыз қажет». Игорь Рогов кодекстердің сарапшылар мен бүкіл қоғамның жіті қарастыруында болатындықтан, конференцияның өткізілуі дер кезінде қолға алынған шара екенін атап өтті. Бұған қоса, ол мұндайда заңнаманы реформалаудағы даулы мәселелердің шешімін тауып, тарқатылатынына үмітті екенін айтты.
Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі Уәкіл Асқар Шәкіров: «Өткізіліп отырған конференция ең маңызды мәселелерді қозғап отыр. өйткені қылмыстық заңнаманың жаңартылуы Қазақстан азаматтары құқықтарын қорғауды одан әрі нығайтып, әркімге қауіпсіз ортаны қалыптастыруға септігін тигізетін болады», - деп айтты.
ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілуі ұсынылып отырған өзгертулердің арасында келесі ұсыныстар бар: қазіргі уақытта ауыр емес қылмысқа жататын кейбір қолданыстағы әкімшілік және жаңа құқық бұзушылықтарды біріктіретін қылмыстық бұзушылықтардың санаттарын енгізу; еңбек дауын арандату сияқты жаңа қылмыс түрлері; ауыр және қайта жасалатын қылмыс үшін берілетін жазаны күшейту. Заң жобасы жазалаудың балама жолын кеңінен қолданылуын және әлеуметтік осал топтардың мерзімінен бұрын босатылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізілетін өзгертулер сотқа дейінгі өндірісті жеңілдетуге және қайта ұйымдастыруға, кінәні мойындау туралы мәміленің енгізілуін, сотқа дейінгі өндіріске куәгерлердің қатысуын азайтуға және бұлтартпау шараларын санкциялау үшін тергеу судьялары институтының құрылуын көздеп, сондай-ақ судьялар істі толық тергеу үшін кері қайтарып келген істерді төменгі сатыдағы соттарға қайтарылу тәжірибесінің алып тасталуын көздеп отыр.
ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы сотталғандар бостандыққа шыққаннан кейін қайта жасайтын қылмыстың деңгейін азайту үшін сотталушылардың қайта әлеуметтену процессін жетілдіруге бағытталған.
Кездесу Қазақстан үкіметі мен азаматтық қоғам өкілдеріне қылмыстық сот әділдігі жүйесі мен оның институттарын реформалауда ЕҚЫҰ көрсетіп отырған қолдаудың шеңберінде өткізілді.