Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы экстремизм мен лаңкестікке қарсылық көрсету тақырыбындағы семинарды қолдауда
3 қазан 2013 жыл - Бүгін Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының ұйымдастыруымен Бас прокуратура институтының ықпалдастығымен Атырау қаласында Экстремизм мен лаңкестікке қарсылық көрсету мәселесіне арналған үш күндік семинар басталды.
Іс-шараға құқық қорғау және аймақтық мемлекеттік органдардың 50 астам өкілі қатысып, экстремизм мен лаңкестіктің жолын қию, сондай-ақ төзімсіздік пен лаңкестік радикализмге әкелетін факторларды анықтау мәселесін талқылады. Экстремизм мен лаңкестіктің жолын қию үшін құқық қорғау органдары және басқа да мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы үйлесімділік механизмдерін дамыту мәселелері семинардың күн тәртібіне кірді.
Бас прокуратура институтының директоры Салтанат Тұрсынбекова ханым халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, «Бүгінгі шара экстремизм мен лаңкестік мәселелерін тиімдірек шешу үшін проблемалы мәселелерді, нәтиже беретін шараларды және ведомствоаралық әдістерді талқылауға септігін тигізбек» - деді.
ЕҚЫҰ Орталығының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Колин Маккалоу тренинг қатысушыларына лаңкестікпен жүргізілетін күресте адам құқықтарына негізделген тәсімдерді қолдану маңызды екендігін айтып: «Адам құқықтары лаңкестікпен жүргізілетін күресте қоса атқарылып қана қоймай, осы күрестің ажырамас бөлшегі болып табылады» деді. Егер мемлекеттік мекемелер, соның ішінде құқық қорғау органдары лаңкестікке заңдылық пен адам құқықтарын сақтай отырып, қарсы әрекет қолданатын болса, лаңкестер қоғамның ұйытқысын бұзатын көксеген мақсаттарына жетпейді» - деді.
Семинар Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының лаңкестікке соқтыратын экстремизм мен радикализммен күрес жүргізуде Қазақстанға жәрдемдесудегі жүргізіп отырған жұмыстарының бір бөлшегі болып табылады.