Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы сенім және қауіпсіздік шаралары бойынша оқу курсын өткізуде
АСТАНА, 21 мамыр 2013 ж. – Бүгін Астана қаласында сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары бойынша 2011 жылғы Вена құжатының іс жүзіндегі қолданысы бойынша әскери қызметкерлерге арналған төрт күндік оқу курсы басталды.
Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы аталмыш шараны Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен бірлесіп өткізуде. Оқу курсы барысында Беларусь, Германия, Франция, Қазақстан, Қырғызстан, Монғолия және Түрікменстан елдерінің 40-тан астам әскери қызметкерлері 2011 жылы жаңартылған Вена құжатының негізі болып табылатын сенім және қауіпсіздік шаралары саласының даму мәселелерін талқылайтын болады. Сонымен бірге бағдарлама аясында аталмыш Құжаттың тексеру және хабарлама беру қызметі сияқты аспектілерін талқыға салу, сондай-ақ тәжірибе алмасу қарастырылған.
«Вена құжатының пысықталып, онымен жұмыс жасалуы ЕҚЫҰ – қатысушы мемлекеттердің саяси еркі болса, жаңа реалийлер мен заман талабына сай бейімделе алатын механизм екендігін тағы бір мәрте айғақтады», - деді Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы Наталья Затрудна ханым. «ЕҚЫҰ аймағында шешілмеген кикілжіңдер әлі де сақталып отырған тұста, лаңкестікпен, адам саудасымен, қару-жарақ контрабандасымен және есірткінің заңсыз тасымалымен жүргізілетін күресті күшейту қажет болып отырған тұста, сондай-ақ осы жағдайларға қарсы уақытылы әрі дұрыс іс-қимылдар жүргізілмеуі салдарынан жаңа кикілжіңдер пайда болуы мүмкін тұса, мұндай шараның алар орны ерекше».
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Б. Майкеев мырзаның айтуынша: «Вена құжатын жетілдіру бойынша жүргізілетін жұмыстар мен оның бүгінгі күнгі реалийлерге сәйкестендірілуі бір орында тұрмауы тиіс. Бұл үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форум іске асырылуына біздің ел белсенді қатысатын құжатты жаңартып отыратын механизмді әзірлеп, қабылдады». Мұнымен қоса, Б. Майкеев ұйымдастырылып отырған семинардың осы үрдістің бір бөлшегі екендігін атап өтті.
Оқу курсы барысында Астана қ. 36 десанттық-штурмдық бригадасына теориялық және тәжірибелік тексерулер жүргізілетін болады. Қатысушылар Вена құжатының ережелеріне сәйкес құжаттың орындалуы, тексеру жүргізілу мәселелері бойынша баға беріп, тексеру қорытынды қамтылған есеп әзірлейтін болады.
ЕҚЫҰ барлық қатысушы мемлекеттері қабылдаған Вена құжаты мемлекетті өздерінің әскери күштері мен әскери қызметі туралы ақпарат ұсынуға міндеттейді. Мұнымен қоса, құжатта тексерулер өткізу және баға беру, тәуекелдерді азайту, әскери байланыс және өзара орындалатын іс-қимылдар, белгілі бір әскери қызмет туралы ерте хабарлау сияқты ережелер қамтылған. Семинар қатысушылары Құжат ережелерінің ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттерінде іс жүзінде орындалуына жауапты болатын ұлттық верификациялау мекемелерінің мүддесін ұсынады.
Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің Верификациялау орталығымен бірлесіп, 2007 жылдан бері Вена құжатының Қазақстанда орындалуы мәселесіне қатысты семинарларды ұйымдастырып келеді. Оқу курсы ЕҚЫҰ сенім және қауіпсіздік шаралары жөнінде хабардар болуды арттыру және өңірдегі қауіпсіздікті арттыру орталығының ұзақ мерзімді қызметінің бір бөлшегі болып табылады.