ЕҚЫҰ Орталық Азияда жарылу қауіпі бар заттарды залалсыздандыру жөніндегі семинарды қолдауда
АЛМАТЫ, 25 тамыз 2015 ж. – Бүгін Алматы қаласында жарылу қауіпі бар заттарды залалсыздандыру жөніндегі төртінші деңгейдегі ЕҚЫҰ-ның төрт күндік аймақтық семинары басталды.
Ауғанстан, Қазақстан, Қыргызстан, Словения, Сербия, Тәжікстан, Түркіменстан, Біріккен Корольдік және АҚШ-тың шамамен 40 әскери және азаматтық сарапшылары қорларды қарусыздандыру, тасымалдау, басқару мен қарапайым және халықаралық оқ-дәріні жою жөніндегі техникалық нұсқау саласындағы ең үздік практиканы талқылайды. Іс-шара шеңберінде Шымкенттің маңындағы Арыс қаласында орналасқан қарусыздандыру орталығына сапар жоспарланған.
«Қазақстан Республикасы әскери-саяси өлшем саласындағы ЕҚЫҰ қызметінің дәйекті және белсенді қатысушысы болды және болып қала береді әрі жарылу қауіпі бар оқ-дәрілерді залалсыздандыру саласындағы қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығына зор мән береді», - деді полковник, Құрлық әскерлерінің Әскери институтының «Бейбітшілік үшін әріптестік» оқу орталығының басшысы Анарбек Ахметалин.
«ЕҚЫҰ жарылу қауіпі бар заттарды залалсыздандыру саласындағы тиімді техникалық ынтымақтастыққа қатысушы мемлекеттер арасында тәжірибемен және үздік практикамен үнемі алмасуды талап ететінін түсінеді»,- деді Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Колин Маккалоу.
«ЕҚЫҰ-ның бұл семинары Орталық Азияда оқудың және жарылу қауіпі бар заттарды залалсыздандыру саласындағы болашақ бірлескен курстарға арналған тренингтер әзірлеуге жеке тәсіл қолданудың жалпы қажеттіліктерін анықтау үшін кең мүмкіндіктер береді», - деді Тәжікстандағы ЕҚЫҰ минасыздандыру бюросының офицері Михаил Семенов.
Іс-шараны Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисімен және Тәжікстандағы ЕҚЫҰ бюросымен бірлесіп, АҚШ Мемлекеттік департаментінің қару-жарақты жою және қысқарту жөніндегі офисінің қаржылық қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шара жарылу қауіпі бар заттарды залалсыздандырумен байланысты проблемалар мен сын-қатерлерді шешу мақсатында Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан арасында бірлескен механизмді дамытуда ЕҚЫҰ-ның ұзақ мерзімді қолдауының бөлігі болып табылады.